Ғылыми мақсаттар үшін Каспий теңізінен 66 итбалық ауланады

359

Бұл ғылыми зерттеу үшін жасалып отыр.

Ғылыми мақсаттар үшін Каспий теңізінен 66 итбалық ауланады Фото: pixabay

Үкімет 2026 жылғы 27 сәуірде "Балық пен басқа да су жануарларының сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін ғылыми зерттеу үшін және өсімін молайту мақсатында алу туралы" қаулы қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 27 сәуір – 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Маңғыстау және Атырау облыстарының Дурнев, Итбалық, Кендірлі және Ремонтные шалыги (Ақтоты) аралдарында ғылыми зерттеу және ен салып, кейін табиғи мекендеу ортасына жіберу үшін 66 дарақ Каспий итбалығын алуға рұқсат етіледі.

"2026 жылғы 27 сәуір – 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Алматы және Жетісу облыстарының шегінде Іле, Қаратал өзендерінен, Балқаш көлінен және Қапшағай су қоймасынан балық санын толықтыратын аналық балық үйіріне топтастырып, кейіннен өсімін қолдан молайту үшін ғылыми мақсатта 500 килограмм көлемінде арал пілмайын, 2026 жылғы 27 сәуір – 30 қараша аралығындағы кезеңде Абай және Павлодар облыстарының шегінде Ертіс өзенінен кейіннен өсімін қолдан молайту мақсатында балық санын толықтыратын аналық балық үйіріне топтастыру үшін ғылыми мақсатта 300 килограмм көлемінде сыланды алуға рұқсат етілсін", – делінген Үкімет қаулысында.

Арал пілмайының бір килограмын алу үшін төлем мөлшерлемелері – 0,064 АЕК, сыланның бір килограмына – 0,017 АЕК, Каспий итбалығының бір дарағына 1,93 АЕК мөлшерінде белгіленіп отыр.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу