Жақында Қостанай облысында неолит дәуіріне жататын сирек қорымдар табылды. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары Әулиекөл ауданында қазба жұмыстарын жүргізген. Белгілі болғандай, бір баланың және екі ересек адамның сүйектері ежелгі тұрғын үйлердің едені астынан табылған. Археологтар мұндай жерлеу орындары елімізде сирек кездесетінін айтады. Бұл жаңалық тас дәуіріндегі адамдардың өмір салты, жерлеу дәстүрі мен дүниетанымы туралы тың мәліметтер береді. Сонымен қатар Шилі ескерткішінен маханжар мәдениетіне тән жартылай жертөле үлгісіндегі тұрғын үйлер алғаш рет анықталды. Қазір мамандар табылған сүйектерге антропологиялық және радиокөміртектік сараптама жүргізуге дайындалып жатыр. Зерттеу нәтижелері жерлеу орындарының нақты мерзімін анықтап, Қазақстанның неолит дәуірінің тарихын тереңірек тануға көмектеседі.
Бұдан бөлек Павлодар өңірінде Алтын Орда дәуіріне қатысты жаңа археологиялық олжалар табылды. Зерттеу барысында XIV–XV ғасырларға тиесілі болуы мүмкін кесене қалдықтары, жерлеу орындарының іздері және ортағасырлық қабырға қалдықтары табылды. Археологтардың сөзінше, бұл нысан дала ақсүйектеріне тиесілі кесене болуы мүмкін. Табылған барлық археологиялық олжалар арнайы технология арқылы үш өлшемді цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Бұл тарихи ескерткіштерді сақтауға және болашақта олардың бастапқы келбетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ғалымдардың айтуынша, жаңа олжалар Алтын Орда дәуірінің тарихын тереңірек зерттеуге және Қазақстанның ортағасырлық мәдени мұрасы туралы тың мәліметтер алуға жол ашады.
Биыл Астанада "Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы" атты жаңа академиялық жеті томдықтың қорытынды томы мақұлданып, баспаға ұсынылды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды ғылыми жобалардың бірі. Еңбекке отандық ғалымдардан бөлек, шетелдік мамандар да өз үлесін қосты.
"Академиялық көптомдықты әзірлеу барысында қалыптасқан жаңа ғылыми ұстанымдар мемлекеттік деңгейдегі маңызды шешімдерде де көрініс тапты. Соның айқын дәлелі – Қазақстан Республикасы Конституциясының преамбуласына ұлттық тарихымызға қатысты тұжырымның енгізілуі. Преамбуладағы "Ұлы даланың мыңдаған жылдық мұрасын сақтай отырып" деген қағида мемлекетіміздің тарихи тамырының тереңде жатқанын айқындайды. Мұндай норманы Конституция мәтініне енгізу үлкен ғылыми зерттеулерді, жан-жақты дәлелдеуді және ұзақ талқылауды талап етті. Соның нәтижесінде бұл маңызды қағида Ата заңымызда өз орнын тапты. Демек, көптомдықты әзірлеу барысында жүргізілген ғылыми ізденістер нақты мемлекеттік маңызы бар нәтижелерге жеткізді", – деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин.
Отандық ғалым Серік Бакиев 2025 жылы әріптестерімен бірге Aeromonas oralensis атты жаңа бактерия түрін анықтады. Бұл жаңалық отандық микробиология ғылымындағы маңызды жетістіктердің бірі саналады. Бұл зерттеу еліміздің ғылымына қосылған маңызды үлес ретінде бағаланып, ғалым "Ғылым үздігі" құрмет дипломына ие болды. Осындай жаңалықтар ғылымды дамытуға жасалып жатқан қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді.