Ташкент облысының Паркент ауданында орналасқан Lion Park хайуанаттар бағында 3 арыстан тордан шығып кетіп, күзетшіге шабуыл жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық ішкі істер басқармасының мәліметінше, оқиға таңғы сағат 05:00 шамасында болған. Бір тордың ішінде қамалып тұрған 3 арыстан қоршалған аумақтан шығып кеткен. Бұл уақытта хайуанаттар бағы келушілер үшін жабық еді.
Жыртқыштарды торға қайтаруға тырысқан 44 жастағы күзетшіге арыстандар шабуыл жасаған. Салдарынан ер адам көз жұмды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, мамандар 2 арыстанды транквилизатордың көмегімен торға қамап, үшіншісін атып өлтірген.
Оқиғадан кейін хайуанаттар бағының қызметкерлері барлық жыртқыштардың орналасқан орнына тексеріс жүргізген. Жергілікті билік өкілдері мәлім еткендей, халыққа ешқандай қауіп жоқ, күзетшіден басқа ешкім зардап шекпеген.