Халифа Алтайдың 100 жылдығы Ыстанбұлда аталып өтті

941

Халифа Алтайдың 100 жылдығы Ыстанбұлда аталып өтті

25 наурыз күні Ыстанбұлда Исламның қасиетті кітабы Құранды тарихта тұңғыш рет қазақ тіліне аударған белгілі ғұлама Халифа Алтайдың туғанына 100 жыл толуына байланысты іс-шара өтті, дейді baq.kz.

Қазақстан Анкара Елшілігі, Түркі дүниесі әкімшіліктер одағы, Зейтінбұрын аудан әкімшілігі және Түркия қазақтары білім және зерттеу қоғамы тізе қоса отырып ұйымдастырған іс-шарада Халифа Алтайдың тек қана діни ғалым емес, сонымен қатар тарихшы, ϶тнограф, ақын, қоғам қайраткері сынды басқа көптеген қырлары баса көрсетілді.

Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының хатшысы Ботакөз Уатқан биыл Астана EXPO-2017 аясында өткізілетін дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы аясында Еуразия Университеті Отырар ғылыми зерттеу орталығымен бірлесіп, "Халифа Алтай және Атамекенге оралу" атты халықаралық ғылыми практикалық конференция өткізілетінін баса айтты.

Қазақстанның Түркиядағы Бас консулы Еркебұлан Сапиев, Зейтінбұрын аудан әкімі Мұрат Айдын, Халифа Алтайдың Алматы, Париж және Ыстанбұлда тұратын ұрпақтары, Ыстанбұл қазақтары және түрік ғалымдары мен зиялылары да қатысқан бас қосуда Түркия қазақтарының көш басшыларынан Елісхан батыр туралы "Қаралы көш" романының авторы Жәди Шәкенұлы өз кезегінде Халифа Алтайдың 100 жылдығының Алаштың да 100 жылдығына тұстас келгеніне баса көрсетіп кезінде Большевик төңкерісінен кейін бір қатар Алаш қайраткерлерінің шекараның ар жағына өтіп, Өралтайда бала оқытып Алаш рухын сіңіргенін айтты. Халифа Алтайдың Алаш қайраткерлерінен Ахмет молладан дәріс алғанын, сөйтіп бойына Алаш рухы мен санасын дарытқан Алтайдың өмірін қазақ халқына, Қазақ еліне қызмет етуге арнап өткенін атап өтті.

Еуразия Университеті Отырар ғылыми зерттеу орталығының директорының орынбасары т.ғ.д. профессор Данагүл Махатқызы өздерінде шетел қазақтарының тұлғалары жөнінде қорлар мен зерттеу жобалары бар екенін, бұлардан бірінің Халифа Алтайға арналғанын көрсете келіп, өткен жылы ректор Ерлан Сыдықовтың қолдауымен Халифа Алтай туралы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуге шешім қабылдағандықтарын, сол үшін дайындықтарының жүріп жатқанын атап өтті.

Түркі дүниесі әкімшіліктер одағының хатшысы доцент, т.ғ.д. Фахри Солақ басқарып отырған жиынның соңында сөз сөйлеген Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Абдіуақап Қара да Халифа Алтайдың Түркия мен Қазақстанның ортақ тұлғасы екенін көрсете келіп, 1982 жылы Түркия Мәдениет Министрлігі басылымдары арасында Халифа Алтайдың Түркия қазақтарының көш тарихы мен қазақ мәдениеті туралы "Атажұрттан Анатолияға" атты кітабының жарық көргенін, ал биыл 100 жылдыққа арналып Ыстанбұлда ғұламаның өмірі туралы түрік тілінде кітап шыққанын, оның атын сол кітапқа меңзеп "Анатолиядан Атажұртқа" деп қойғандарын, өйткені Халифа Алтайдың Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы кідірместен атажұртқа ат басын бұрып, қалған өмірін туған халқына арнағанын тілге тиек етті.

Іс-шара соңында Халифа Алтай аруағына дұға етілді және Түркия қазақтары білім және зерттеу қоғамы мен Халифа Алтайдың ұрпақтары осы шараға ат салысқан азаматтарға алғыстарын айтып сыйлықтарын берді.

Әбдіуақап Қара, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу