Соңғы 10 жыл көлемінде Қызылорда облысының намысын қысқы спорт түрлерінің ресми жарыстарында мұз үстіне өрнек салған, мұз үстінде ойнақ салған мәнерлеп сырғанау спортының хас шебері Элизабет Тұрсынбаева абыроймен қорғады.
Аймақта қысқы спорттың даму қарқыны жоғары емес. Оны мұндағы климаттық жағдаймен байланыстыратындар да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда қаласындағы №4 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі қазіргі таңда 3 қысқы спорт түрі бойынша жұмыс істейді. Конькимен мәнерлеп сырғанау спортында 46 спортшы мен 1 жаттықтырушы, шорт-трек – 58 спортшы мен 3 жаттықтырушы, шайбалы хоккей – 83 спортшы мен 2 жаттықтырушы, 1 шұғылданушымен 6 жаттықтырушы қызмет атқарып жатыр.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама команда мүшелігіне 2023 жылы 8 (мәнерлеп сырғанау – Яхияев Темірлан, Смағұлов Артур, Қасымова Аянат, Джармухамедова Диана, шорт-тректен – Көлкеев Олжас, Есен Жансая, Құрманбай Ұлту, Туралиева Диляра) облыс спортшылары енген. Өңірімізде қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында Қызылорда қаласынан "Мұз айдыны" спорт кешені салынып, 2013 жылы пайдалануға берілді", - дейді Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
"Шорт-тректің астанасы атанар еді..."
"Облыстағы шорт-тректің даму деңгейі орташа. Мектебіміз биыл арманда жүрген құралдарды сатып алды, тағы да алу жоспарда бар. Қысқы спорт түрінің ішіндегі шорт-трек чемпионаттарында шәкірттеріміз тұрақты жеңімпаз және жүлдегер атанып жүр. Бір спортшымыз биыл ұлттық құрама сапына енді және жастар арасында Әлем кубогына дайындалып жатыр", - дейді шорт-тректен жаттықтырушы Марат Мұратбекұлы.
Сондай-ақ, ол кадр жетіспеушілігі туралы да айтып қалды. "Шорт-трек спортына облыс қаншалықты көңіл бөледі?" деген сұрағымызға да лайықты жауап алдық. Яғни, Қызылорда облысында ғана емес, еліміз бойынша белгілі-бір спорт түрлерін ғана кең көлемде қаржыландыру ісі жақсы жолға қойылғаны байқалады.
"Облыс шорт-трек спортына аса мән бермей жатыр, кадр жетіспейді, шорт-тректі жоғары деңгейде дамытуға болады. Қыркүйек айынан бастап бір спортшымызға шәкіртақы беріп жатыр, оған қатты қуандық. Бізде күрес, ауыр атлетика, бокс спорттарына басымдық беріледі. Бірақ, бұл – тек біздің ғана емес, елімізге тән құбылыс, - дейді ол.
Жаттықтырушының пікірімен келісуге болатындай. Әрі мұндай пікірді спорт сарапшылары мен журналистері ашық айтып, жазып жүр.
Жалпы, Қызылорда облысы бойынша 2014-2023 жылдардағы қысқы спорт түрлерінің ресми жарыстарында алған жүлделері салмақты деуге болады. Бір ғана Элизабет Тұрсынбаева Жасөспірімдер қысқы Олимпиада ойындарында – қола, қысқы Азия ойындарында және Әлем чемпионатында күміс медалді еншілеген. Десе де, спортшының осы күні үлкен спорттан кеткенін еске салсақ, ізбасарлар дайындауда әлде де көп жұмыстар атқарылуы керек екені анық байқалады.