"Халқым, маған қысым жасалып жатыр": Шерзат ісіндегі танымал қорғаушы шұғыл мәлімдеме жасады

342

Адвокат Мейірман Шекеев Шерзат ісі бойынша сотталғандардың бірінің туысы министрлікте жұмыс істейтінін айтып қалды.

"Халқым, маған қысым жасалып жатыр": Шерзат ісіндегі танымал қорғаушы шұғыл мәлімдеме жасады Фото: kz.kursiv.media

Сол үшін қоғамға үндеу жасап, істі қолға алғаннан бері түрлі қысымға ұшырап жатқанын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Құрметті халқым, маған қысым жасалып жатыр. Қолдауларыңызды сұраймын. Шерзаттың ісін алған сәттен бастап маған жасырын түрде түрлі қысымдар көрсетіліп келеді. Бұған дейін бәріне сабырмен төзіп келдім. Бірақ енді біреулер бұдан да сорақы әрекеттерге бармақ ниетте. Бұл мені Шерзаттың апелляциялық сотына жібермеудің амалы ма, әлде басқа бір себеп пе – нақты айта алмаймын.

Алайда Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Түлебаевтың мен айтпаған сөздерді айттың деп, жеке ұйғарымға жалған уәждер енгізуі – тегін емес. Бұған дейін сотталушылардың бірінің туысы министрлікте жұмыс істейтінін естігенде аса мән бермеген едім. Бірақ қазір жағдайдың қай жақтан ушығып тұрғаны байқалып қалды.

Әділ сот жоқ жерде, әділетті Қазақстан туралы сөз қозғаудың өзі артық. Мен тек артымда мені қолдайтын халқым бар екенін білемін. Сол қолдау маған күш береді.

Сот процесі бейне және аудиожазбаға жазылып жатқанына қарамастан, судьяның мұндай қадамға баруы – ойланарлық жайт. Судья менің жәй болжам айтқан пікірімді кесімді сөз деп бағалап, маған қарсы ашық өшпенділік танытты. Одан қалса, митинг тақырыбын қиялдан құрастырып, дәлел ретінде ұсынуы – тіпті ақылға сыймайды.

Адамнан жасырғаныңды Алладан жасыра алмайсың, құрметті судья. Ақиқат бәрібір ашылады. Қалай ойлайсыздар: бұл жағдай мені жазалауға емес, судьяның әрекетін тергеуге көбірек негіз болып тұр емес пе?" – деді адвокат өз мәлімдемесінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу