"Халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау – басты міндет әрі қастерлі парыз. Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік.
Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан, осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Академия курсанттары алдында сөйлеген сөзінде.
Еліміздегі кәсіби құтқарушылар даярлайтын бірден-бір оқу орнын ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шыққан. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Президент күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шеккеніне тоқталып, сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке жеткенін атап өтті.