Халық банк қолма-қол ақша алуда комиссиялық төлемнің неге ұсталатынын түсіндірді

2022

Халық банк қолма-қол ақша алуда комиссиялық төлемнің неге ұсталатынын түсіндірді

Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова банкоматтан ақша алғанда алынатын комиссия не үшін ұсталатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Банктердің ақша алғаны үшін комиссиялық төлем ұстайтыны қазақстандықтардың  көңілінен шыға бермейтіні анық. Көбінесе банкоматтан ақша алған үшін ұсталатын комиссияға көпшілік наразы болып жатады.

"Егер карта "Жалақы жобасы" бойынша ашылса, бұл шоттан ақшаны қолма қол алған кезде Halyk bank немесе Qazkom  комиссия ұстамайды. Егер карта "Стандарт" бойынша жеке мақсатта ашылса, онда әр сомадан 1 пайыз көлемінде комиссия ұсталады", - деді Үміт Шаяхметова.

Visaның QR-технологиясы негізінде жасалған мобильді төлемдер таныстырылымы кезінде Үміт Шаяхметова қолма-қол ақшадан комиссия не мақсатпен ұсталатынын айтты.

"Қолма-қол ақша қымбат. Біз оларға инкассация жасаймыз, Ұлттық банктен сатып аламыз, тасымалдаймыз. Белгілі бір көлемде операциялық шығын болады. Соның ең төменгі көрсеткіші бойынша банк комиссия мөлшерін тағайындайды. Осылайша адамдарды карта арқылы төлем жасауға үйретеміз. Өйткені біз мүдделіміз. Біз үшін электронды төлемді жинау, қолма-қол ақшаны жинаудан тиімдірек. Бізде  Halyk-инкассация компаниясы бар. Ондағы тарифтер жоғары. Өкінішке қарай, кәсіпкерлер pos-терминал қойғаннан гөрі әлі де инкассаторлардың қызметін пайдаланғанды ұнатады. Ал pos-терминал инкассациядан анағұрлым арзан түседі. Шағын кәсіпкерлер ақшаны жинап алып келіп банкке салады. Олар инкассация қызметін де пайдаланбайды. Бұл банктерге емес керісінше кәсіпкерлерге қойылатын сұрақ. Сондықтан комиссиядан қашқан адамдарға барлығын карта арқылы төлеу жасауға шақырамыз", - деді Үміт Шаяхметова.

Оның айтуынша, қаржы институты ҚР Ұлттық банкіне жалпы қызмет көрсетуді жақсарту үшін бірнеше ұсыныс енгізген. Атап айтқанда, қолма-қол ақшасыз төлем жасайтын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік беру ұсынылған.

"Мұндай өзгерістер нарықтың талабы болып отыр. Қазір мемлекет те қолма қол ақшасыз төлем жасауды қолдап отыр. Бұл әлемдік тренд, сондықтан біз де ерте ме кеш пе оған оралатын боламыз", - деді ол.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу