Halyk Bank Өзбекстанға салынатын инвестицияны арттырмақ

721

Банк көрші елдің нарығына енген 3 жылда 500 млн доллардан астам инвестиция салған. Оның басым бөлігі Halyk-тың Өзбекстандағы еншілесі "Tenge Bank" арқылы шағын және орта бизнеске бағытталыпты.

Halyk Bank Өзбекстанға салынатын инвестицияны арттырмақ

Halyk Bank Өзбекстанға қаржы құютын ең ірі қазақстандық инвестор. Halyk тобы бауырлас елдің экономикасына бағытталатын қаражат көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Halyk Bank бірнеше жылдан бері көрші елдер нарығын бағындырып, саладағы үздік тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бүгінге дейін іргелес жатқан 6 мемлекетте өз филиалын ашты. Банк қызметін тұтынатын шетелдіктер  саны да жыл санап артуда. 

Қаржы ұйымының бір ғана Өзбекстандағы еншілесі "Tenge Bank" қызметін пайдаланатын компаниялар қатары  1,5 мыңға жуықтаған. Мобильді қосымшасын күнделікті қолданатындар 200 мыңнан асқан.

"Жыл басынан бері Теңге банктің несиелік портфелі 30 пайызға көбейді. Біз бизнесмендерге толық транзакциялық қызметтерді көрсетеміз. Ол депозит шоттарын ашудан бастап трансшекаралық сауда айналымы кезіндегі барлық қаржылық операцияларды қамтиды. Алдағы уақытта цифрландыруды әрі қарай дамыту жоспарда", деді Halyk Bank АҚ Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.

Бір апта бұрын Өзбекстандағы құрылыс компаниялары мен мұнай өңдеу саласының үздіктеріне дейін Ташкентте бас қосты. Барлығы Halyk Bank-пен берік байланыс орнатқан бизнес өкілдері. 

Басқосуға банк басшысы Үміт Шаяхметова да барды. Кездесуде тараптардың іскерлік қатынасын одан әрі нығайту мәселесі талқыланды. Жиынға арнайы келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев болса инвесторлардың ел экономикасын дамытуға қосып жатқан үлесін оң бағалады.  

"Біз үшін Өзбекстан стратегиялық бағыт, үлкен әлеуетке ие Орталық Азиядағы өсу нүктесі болып табылады. Halyk Bank Өзбекстанда 2019 жылдан бері бар және осы уақыт ішінде біз ел басшылығының ауқымды қайта құруларға деген ашықтығы мен қызығушылығын көріп отырмыз, елдің реформалау бағытында қаншалықты тез және сапалы ілгерілеп келе жатқанын атап өткім келеді", деді Үміт Шаяхметова.

Halyk Bank Өзбекстанның банк секторын дамытуда өзінің үздік тәжірибесімен бөлісуді жалғастыра бермек. Мобильді қосымшаларды жетілдіру арқылы электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін кеңейту ісіне де атсалыспақ. Осы мақсатта Өзбекстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін де арттырып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу