Halyk Bank Ресейдегі және Тәжікстандағы еншілес банктерін сатты

634

Халық банк Ресейдегі және Тәжікстандағы еншілес банктерін сатты. Бұл туралы банк басшысы Үміт Шаяхметова арнамызға берген "Эксклюзивті" сұхбатында мәлімдеді. 

Halyk Bank Ресейдегі және Тәжікстандағы еншілес банктерін сатты Фото: azattyq-ruhy.kz

Оның айтуынша, екі елдегі бөлімдердің жабылуы Халық банктің ауқымы тарылды дегенді білдірмейді. 

Тәжікстандағы еншілес банкті жабу туралы шешім былтыр қабылданған. Халық банк бұл елдегі лицензиясын қайтарып,  Тәжік нарығынан кетті. Яғни, бөлімді жабу үрдісі 1,5 жарым жылға созылып, биыл сәтті аяқталды. 

Ал, Ресейде 2001 жылдан бері жұмыс істеген "Москоммерцбанк" атты еншілесі жақында сатылды.   

"Біз Ресейдегі жоспарымызды жүзеге асыру қиындағанын байқадық. Десе де, банкте бәрі дұрыс, бәрі таза. Ресейдегі еншілесіміздің активі мен капиталдың көлемі көп емес - 61 млн доллар капитал. Ал, оны басқаруға көп уақыт керек.  Салалық банк болғандықтан, транзакцияларының да ауқымы шектеулі. Сондықтан, жақын уақытта бизнес ретінде Москоммерцбанкке дамуға мүмкіндік көрмедік. Сондықтан кетуге шешім қабылдадық", деді HALYK BANK АҚ Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова. 

Үміт Шаяхметованың сөзінше, еншілес банк сәтті сатылған. Одан өзге, банкир 2022  жылдың қиын болғанын  айтты. Көрші елдердегі әскери қақтығыс, қаңтар оқиғасы, санкциялар, ресейлік банктердің жабылуы еліміздің банк секторына тікелей әсер етті. Барлық сын-қатерлерге қарамастан Халық банк жылды жемісті аяқтап,  өзінің тұрақтылығын тағы биыл да дәлелдеді. 

"Биылғы жылдың әрбір айы оңай болған жоқ. Бірақ біздің банк өзінің рейтингтерін дәлелдеді. Клиенттердің легі артты. Халық банк осындай дағдарыстарда өзінің сенімді және қаржы жағынан тұрақты екенін көрсетті. Біз цифрлы арналарды дамытуды тоқтатпадық. Эко жүйелерді жетілдірдік. Бұл біздің даму стратегиямыз маңызды бағыты", деді Үміт Шаяхметова.

Цифрлы қызметтер демекші, Шаяхметованың мәлімдеуінше, цифрландыру бойынша  Қазақстан биік жетістіктерге жетті. Бұл мақтануға тұрарлық деген баға берді белгілі банкир. 

Айта кетейік, "Халық банк" мемлекеттік қызметтер мен қаржы қызметтерін көпшілікке қолжетімді ету бойынша биыл ауқымды жұмыс атқарды. Соның арқасында айына 700 мың адам Халық Хоум банк қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметті қолданады. Сондай-ақ, қосымшада 17 мемқызмет пен 18 анықтама алуға болады.

Жәния Әбдібек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу