Оның көмегімен азаматтар банк бөлімшесіне бармай-ақ, оның мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік жәрдемақыны рәсімдей алады. Жаңашылдықты Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Президентке "Digital Bridge" форумында таныстырды. Сөзінше, "Halyk Homebank" қосымшасы бірқатар мемлекеттік базамен интеграцияланған. Осының арқасында тұтынушы түрлі қызметтерді онлайн алу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетейік, Halyk Bank әлеуметтік төлемдерді есептеу бойынша негізгі оператор. Банктің мобильдік қосымшасында халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тұтас модулі бар және оның мүмкіндіктері үнемі толықтырылып отырады. Мәселен, қазанда "Halyk Homebank" арқылы "бала туу бойынша жәрдемақыны" қашықтан рәсімдеу сервисі іске қосылды. Одан қалды дәл осы қосымшаның көмегімен автокөлікті тіркеуге, жәрдемақылар үшін арнайы карта мен біржолғы зейнетақы төлемдері үшін шот ашуға болады.