Енді Даму Блиц технологиясы мөлшерлемесі 8,5 пайыздан аспайтын барлық өңірлік қаржыландыру бағдарламаларына енгізілетін болады. Бұл туралы "Даму" кәсіпкерлікті дамыту Қоры" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазақстан Халық Банкі" АҚ мен "Даму" Қоры арасында осындай келісімге қол қойылды.
"Халық Банкінің Даму Блиц технологиясына қосылғанына қуаныштымыз. Банк "Даму" қорының бағдарламасымен шектелмеді. Шағын және орта бизнеске несие бойынша жылдам шешім керек екенін ескере отырып, нарыққа өз өнімі – "Халық Кәсіпкер-35" жобасын да шығарды", — деді "Даму" қоры басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
Еске салсақ, "Даму Блиц" технологиясы 2016 жылы қаңтар айында Алматы мен Алматы облысында "Банк KassaNova" АҚ, "Альфа Банк" АҚ және "АстанаБанкі" АҚ арқылы енгізілген еді.
Айта кетейік, "Даму Блиц" – "жылдам несие" берудің жаңа технологиясы. Бұл технологияны 15 өңірдегі екінші деңгейлі 14 банкте қолданылып келеді. Салынған қаражаттың жалпы сомасы 29 млрд теңгеге жетті. Қазіргі уақытта жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 116 жоба мақұлданған.