Халық Бейсен Құранбектi соңғы сапарға шығарып салды

1749

Қазақ журналистикасы үшін орны толмас қаза.

Халық Бейсен Құранбектi соңғы сапарға шығарып салды

18 мамыр қазақ журналистикасы үшін қаралы күн болды. Қалың көпшіліктің жүрегіне "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламалары арқылы жол тапқан тау тұлғалы азамат 49 жасына қараған шағында өмірден озды. 

Бейсен Құранбектің ауыр дертке шалдыққаны туралы өткен жылы белгілі болған. Журналист жансақтау бөлімінен шығып, өзі үшін алаңдаған көпшілікке жағдайын баяндаған еді... 

Желідегі ең соңғы жазбасында ол адамдардың бір-бірін шын көңілмен құрметтеуге, денсаулықтың қадірін білуге шақырды.

"Білу – бөлек, түсіну – басқа. Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім... Бірінші, ұстазым жиі айтатын "бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол – ниеттің, тілектің, батаның күші" деген сөздің рас екенін. Екінші, халқымыздың "басты байлық – денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым. Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған "байлық – қолға ұстаған мұз, бақыт –  басқа қонған құс, бала – артта қалар із, бұл өмірдің қызығы – сіз бен біз" деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім", – деп жазған еді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін тәмамдаған журналист еңбек жолын республикалық "Спорт" газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерінен бастаған. Кейін "Рахат", "31 арна", "Хабар", Президент телерадиокешенінде жұмыс іседі. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры қызметіне тағайындалды. 2013- 2017 жылдары ұлттық арна тізгінінде болды. 

19 мамыр күні халық саналы ғұмырын журналистикаға арнаған азаматты соңғы сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсімі Талдықорғандағы журналистер үйінде өтті. 

inbusiness.kz порталы Бейсен Құранбектің отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу