Сенатор Геннадий Шиповских әлеуметтік желідегі агрессивті жарнаманың таралуына қатысты мәселе көтерді. Депутат Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат қазіргі таңда әлеуметтік желілер тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, қоғамның санасына тікелей ықпал ететін қуатты құралға айналғанын айтты. Оның айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік желілер арқылы таралатын жарнамалардың саны ғана емес, олардың агрессивті сипаты шектен шығып барады.
"Әсіресе, блогерлер, инфлюенсерлер, өнер мен спорт саласындағы танымал тұлғалар арқылы таралатын жарнамалар азаматтардың қаржылық шешімдеріне, тұтынушылық таңдауларына, тіпті денсаулығына тікелей әсер етіп отыр. Салдарынан соңғы уақытта қаржы пирамидаларына алданып қалған, сапасыз әрі жалған өнім сатып алған, заңсыз инвестициялық және құрылыс жобаларына қаржы құйып, барынан айырылып қалған азаматтардың саны айтарлықтай артты. Бұл жерде ерекше алаңдататын жайт жарнамадан пайда көріп отырған тараптар бар да, ал барлық тәуекел мен зардап қарапайым халықтың мойнына артылып отыр. Жарнама беруші де, оны миллиондаған аудиторияға таратқан блогер де табыс табады. Ал алданған, денсаулығынан немесе қаржысынан айырылған азамат жалғыз қалады", – деді Геннадий Шиповских.
Тағы бір күрделі мәселе – әлеуметтік желіде азаматтардың еркінен тыс есірткіге, жезөкшелікке, онлайн казиноға, порнографиялық сипаттағы контентке немесе жасанды интеллект арқылы танымал тұлғалардың бейнесімен акция сату сынды жарнамалардың шыға беруі, дейді сенатор. Айтуынша, әлеуметтік желіде рилс көріп отырған адам аяқ астынан осындай контентке тап болады.
"Мұндай жағдайда мемлекет жүргізіп жатқан алдын алу, тәрбие, түсіндіру жұмыстарының тиімділігі қаншалықты болмақ? Бұл күрес тесік шелекке су құйғанмен бірдей болып қалмай ма деген сұрақ туындайды. Халық арасында "қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің" деген жақсы мақал бар. Бүгінде осы сөзді сәл өзгертіп айтсақ, "жарнаманың көкесін фейсбукке кіргенде көресің" деуге толық негіз бар", – деді ол Сенаттың жалпы отырысында.
Бұдан бөлек соңғы уақытта әлеуметтік желілерде урологиялық сипаттағы өнімдерді, гормоналдық препараттарды, салмақ төмендетуге арналған өнімдер, иммунитетті арттыруға бағытталған қоспаларды медициналық білімі жоқ тұлғалардың ашық әрі белсенді жарнамалауы кең таралғаны айтылды.
Осы мәселеге байланысты Геннадий Шиповских бірқатар ұсыныс тастады.
"Meta, TikTok және өзге де платформалармен бірлесіп, Қазақстан аумағында тыйым салынған және қоғамға қауіпті жарнамалардың алгоритм арқылы таралуына жол бермеу бойынша нақты келісімдерге қол жеткізу керек. Әлеуметтік желілерде адамның еркінен тыс есірткі, жезөкшелік, онлайн казино және порнографиялық сипаттағы пайда болатын жарнамалардың таралуын автоматты түрде анықтап, жедел бұғаттайтын нақты бақылау механизмін енгізу қажет. Үшіншіден, медициналық білімі жоқ тұлғалардың адам денсаулығына тікелей әсер ететін өнімдерді жарнамалауына шектеу қою. Мұндай жарнаманың салдарынан азаматтардың денсаулығына зиян келген жағдайда өнімді жарнамалаған тұлғаның да жауапкершілігін қарастыру қажет", – деп атап өтті Сенат депутаты.