Қазақстанда "Халық бухгалтері" республикалық акциясының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Акцияны ҚР Қаржы министрлігі кәсіби бухгалтерлік ұйымдармен бірлесіп 2026 жылдың 5 қаңтары мен 30 маусымы аралығында өткізді.
Жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлерге практикалық қолдау көрсету, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу сапасын арттыру, сондай-ақ 2026 жылы күшіне енген салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру болды. Осы мақсатта облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы Мемлекеттік кірістер департаменттерінде тегін жеке консультациялар ұйымдастырылды. Азаматтарға кәсіби бухгалтерлер мен мемлекеттік кірістер органдарының мамандары кеңес берді.
Акцияға 120-дан астам аккредиттелген кәсіби бухгалтер қатысты. Алты ай ішінде бұл жоба кәсіпкерлер, бухгалтерлер қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді әрі ашық диалог алаңына айналды.
Акция қорытындысы бойынша:
- 60 мыңнан астам салық төлеуші тегін кеңес алды;
- 3247 "Ашық есік күні" ұйымдастырылды;
- 2928 семинар өткізілді;
- 512 сұхбат пен сараптамалық түсіндірме дайындалды;
- БАҚ-та, теледидарда, радиода және әлеуметтік желілерде 10 мыңнан астам материал жарияланды;
- ақпараттық аудиороликтер радиода 45 мыңнан астам рет эфирге шықты;
- Zakon.kz ақпараттық қолдауымен жарияланған материалдар мен төрт вебинар 2,5 миллион қаралым жинады.
Акция барысында кәсіпкерлер жаңа Салық кодексінің талаптары, салық режимдерін таңдау, өтпелі кезең ерекшеліктері, салықтық жеңілдіктер мен шегерімдер, ҚҚС бойынша тіркеу, арнайы салық режимдері, электронды шот-фактуралар, ақпараттық жүйелерді пайдалану және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметіне қатысты өзекті мәселелер бойынша түсіндірме алды.
Жобаның басты артықшылығы – кәсіпкерлердің тәжірибелі бухгалтерлер мен мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінен тікелей кеңес алу мүмкіндігі болды. Бұл нақты мәселелердің шешімін жедел табуға және салық міндеттемелерін орындауда қателіктердің алдын алуға ықпал етті.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, "Халық бухгалтері" акциясы салықтық сауаттылықты арттыруға, салық міндеттемелерін ерікті түрде орындау мәдениетін қалыптастыруға және қолайлы бизнес ортасын дамытуға бағытталған мемлекет пен кәсіби қоғамдастықтың тиімді ынтымақтастығының үлгісіне айналды.
Бұл тәжірибе алдағы уақытта да жалғасады. Енді жергілікті мемлекеттік кірістер органдарының базасында кәсіби бухгалтерлік ұйымдармен бірлесіп, ай сайын салық заңнамасын түсіндіруге арналған "Ашық есік күндері" өткізілетін болады.