Қос палата депутаттары мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады.
Бұл туралы Парламенттің бірінші сессиясының ресми жабылуында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
"Қос палата депутаттары мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады. Оның әрқайсысында елдегі түйткілді жайттар қозғалды.
Әр өңірдің, әр адамның, әр отбасының тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды мәселелер көтерілді", – деді палата төрағасы.
Сонымен қатар, депутаттардың атына тұрақты түрде азаматтардан өтініштер келіп түсуде.
Осы сессияның өзінде халық қалаулыларының атына шамамен 7 мыңға жуық хат келген.
"Тіпті арамызда бір өзінің атына жүздеген хат келген депутаттар да бар.
Сондай-ақ депутаттар осы сессияда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық қабылдауда 800-ден астам адаммен жүздесіп, бірқатар мәселе сол жерде шешімін тапты", – деді Ерлан Қошанов.