Қазақстан Халық Кеңесіне әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктеледі. Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Парламенттің бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімін төрт жыл деп белгілеу ұсынылады. Ал Кеңестің Төрағасын Сессияда төрт жылдық мерзімге, Президенттің ұсынысы бойынша және (немесе) Кеңестің жалпы мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасымен сайлау ұсынылады. Өз кезегінде, институттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында бір тұлғаның Кеңестің Төрағасы болып екі реттен артық сайлануына жол берілмейтіні туралы норма көзделген", – деді ведомство басшысы.
Заң жобасының маңызды бөлігі Қазақстан Халық Кеңесінің өкілеттіктеріне арналған. Олардың қатарына ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу; заңнамалық бастама жасау құқығы арқылы заң шығару процесіне қатысу; референдум өткізу жөнінде бастамалар көтеру; қоғамдық талқылаулар мен диалог алаңдарын ұйымдастыру; сондай-ақ қоғамдық бақылауға қатысу кіреді.
"Бұл ретте барлық өкілеттіктер консультациялық және бастамашылық сипатта болып, мемлекеттік билік жүйесімен тепе-теңдікті сақтауды қамтамасыз етеді. Қазақстан Халық Кеңесіне әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктелетінін ерекше атап өткім келеді. Астана қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл съезд – конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық диалог алаңы ретінде орныққан. Аталған ұсыныс Кеңестің мақсаттарына толық сай келіп, оның қызметінің жалпы логикасымен үйлеседі. Өз кезегінде заң жобасында заңнамалық бастама жасау құқығын және референдум өткізу бастамасын жүзеге асыру тәртібін айқындау – маңызды элемент ретінде қарастырылған. Конституциялық заң жобасында тиісті шешімдерді қабылдауға күшейтілген талаптар қойылған", – дейді спикер.
Сонымен қатар, заң жобасында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың Қазақстан Халық Кеңесі әзірлеген ұсынымдар мен ұсыныстарды қарау міндеттілігі бекітіледі.
Айта кету керек, бұған дейін Халық кеңесі мемлекеттің органдардың функцияларын қайталамайтынын жазғанбыз.