Қазір бұл сомма да айтарлықтай артқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Azattyq Rýhy сайтының тілшісі депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Ұлықбек Тұмашиновке қарызға батқан қазақстандықтар туралы сұрақ қойып көрді.
– Өкініштісі сол, қазақстандықтардың қарызы көбейіп жатыр. Соңғы дерек бойынша 20,7 трлн теңгеден асқан. Президент бизнесмендермен кездескенде де бұл сома көбейіп бара жатқанына алаңдап, шаралар қабылдауды тапсырды. Жалпы, біз біз қарызға батқан ұрпақ өсіріп шығармаймыз ба? Соның қалай алдын алуға болады? – деп сұраған Azattyq Rýhy тілшісі.
Халық қалаулысы аталған сұраққа жауап беріп, несиеге қатысты өз пікірін білдірген. Оның сөзінше, жұртшылық кредитті тегін беріп жатқандай алады.
– Өте ауыр жағдай. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 18 трлн теңге болған. Қазір 20 трлн теңгеден асып жатыр. Әрине, банктерге пайда табу керек. Олар бере салады, тіпті сыйақылары елу пайыздан да асатындары бар. Бұны тоқтату үшін, біріншіден, халықтың сауатын ашу керек. AMANAT партиясының "Қарызсыз қоғам" деген бағдарламасы бар. Біздің халық барады да тегін беріп жатқандай несие алады. Ол тегін болмайды ғой. Өмірде тегін ештеңе жоқ. Бұл – біріншіден халықтың сауатсыздығы, екіншіден – банктердің ашкөздігі. Екеуі бір-біріне келіп тұр, – деді ол.
Депутат "балаларға қаржылық сауаттылықты ата-анадан бастап, мектепте, кейін университетте үйрету керек" деп есептейді. Әрі көпшіліктің несиені болмайтын нәрсеге алатынын айтып шағымданған.
– Халық несиені тегін ақша көреді. Ал оның қайтарымы өте қиын. Кейде жастарды қойып, үлкен кісілердің өзі "байқамай несие алып қойып едім, төлей алмай жатырмын" деп отырады. Адам несие аларда оны қалай қайтаратынын ойланбай ма? Бірінші тойға деп алады, одан кейін телефон алады. Осылай кете береді, – деп қоса кетті Ұлықбек Тұмашинов.