Түркістан облысындағы газ тапшылығының кесірінен халық тезек теріп, жыңғыл мен сексеуілге балта сілтей бастаған. Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға осы мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Түркістан облысында табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 557-ге жетіп, қамту деңгейі 67,2 пайыз болған. Десе де, әлі 300-ге жуық елді мекен газбен қамтылмаған. Яғни, жарты миллиондай жұрт көгілдір отынсыз күнелтіп келеді. Үш айдан бергі газ тапшылығы "жығылған үстіне жұдырық" болып, газ баллондарын сақырлатып, жұртты бекет жағалатып қойды. Бұған автокөліктері тек газбен жүретіндерді қосыңыз. Ал, үш айдан бері не Энергетика министрлігі, не әкімдіктер мәселені шешуге асығар емес. Бір пысықайлар 1 000 теңге берсе, бір бак пен баллонды толтырып беріп, 500 теңге қосымша төлесе, жартылай газ құйып беріп, өз қалталарын пұлдап жатыр. Кей жерлерде 70 мың теңгеге талон сатылуда. Қайда барсаң газ жоқ, ал бар жердің жағдайы – жаңағыдай", – дейді депутат.
Оның айтуынша сұйытылған газды баллонға құйып сатудың тәртібі қатаңдатылғаннан бері жағдай ушығып кеткен.
"Жалпы, газ жағдайы ушығып барады. Қыс болса – қыр астында. Табиғи көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген ауыл тұрғындары газ баллондарын кәдеге жаратып жүр еді. Қазір ол да жоқ. Қалыптасқан жағдайды кім және қашан шешеді? Облыс халқының 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Олар газ баллондарын күнделікті тұрмыста пайдаланады. Тұтынушыларға баллонмен газ жеткізіп беретін мекемелер қызметін тоқтатқан. Көлігі барлар қалаға сандалса да, газ әкеледі. Көлігі жоқтар есек арбамен отын мен тезек теріп, от жағып жатыр. Онсыз да жолдары жалаңаштанып, көлеңкелейтін талы жоқ облыста осылайша бұтай берсе, жыңғылдан жыңғыл, сексеуілден сексеуіл қалмас", – деді Қайрат Балабиев.
Ол сонымен қатар Түркістан облысының газ тартылмаған елді мекендеріндегі 450 мың халықтың газды баллонға құйып тасымалдайтындай етіп арнайы жабдықталған көліктер қызметін жандандыру қажет екенін айтты.
"Құзыретті органдар өңірлердегі газ тапшылығын шұғыл шешіп, автогаз бекеттеріне тексеру тағайындасын. Тек газбен жүретін көліктерді газбен қамтамасыз ету бағытында тапсырмалар беруіңізді сұраймын", – деді Мәжіліс депутаты.