Мәскеу маңындағы "Алабино" полигонында біздің танкистер бірінші дивизионның жарысын сәтті аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеке жарыста бірінші экипаж құрамы – танк командирі капитан Бексұлтан Алдаберген, көздеуші-оператор 3-сыныпты сержант Сұңғат Сәдуақасов және 3-сыныпты механик-жүргізуші сержант Сұлтан Құтекешов барлық нысанаға дәл соққы беріп, бүкіл кедергілерден мүлтіксіз өтіп, уақыт бойынша да үздік нәтиже көрсетті.
"Сайыстың нәтижесінде біздің танкистер үш атыс шебі бар 12 шақырымдық тас жолды 25 минут 8 секундта жүріп өтті. Өзбекстан – 25 минут 18 секундта, Вьетнам – 34 минут 50 секундта, Венесуэла – 47 минут 5 секундта өтті. Екінші қазақстандық экипаж "Танк биатлоны" байқауының жеке жарысына 16 тамызда, үшінші – 20-сы күні шығатын болады", – деп жазылған хабарламада.
Айта кетсек, бүгін Ақмола облысы Щучинск қаласының "Амандық" полигонындағы атыс шебіне "Меридиан" сайысына қатысатын әскери топографтар шықты. Жамбыл облысындағы "Гвардейск" полигонында да жеке жарыс басталды, оның барысында сайысқа түскендер минаатқыштан, граната атқыштан және атыс қаруынан оқ ату тапсырмаларын орындайды. Қазақстандық әскери альпинистердің "Эльбрус шеңбері" сайысында көрсеткен алғашқы нәтижелері де белгілі болады.