Халықаралық әуе қатынасы қашан қалпына келетіні белгілі болды

857

Әуе қатынасы орнайтын елдерді таңдауда COVID-19 халықаралық рейтингі негізге алынды. 

Халықаралық әуе қатынасы қашан қалпына келетіні белгілі болды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамкұлов халық алдында есеп беру кездесуінде азаматтық авиациядағы жағдайға тоқталып, халықаралық әуе қатынасы қашан жанданатынын мәлім етті.

Министрдің сөзінше, соңғы 7 жылда еліміз арқылы өтетін транзиттік жолаушылар саны 45 есе артып, жылына 1 миллион адамға жеткен. Ел азаматтары да ұшақпен көбірек ұша бастаған. Сол себепті бүгінгі күні әуе қатынасының инфрақұрылымын жақсарту қолға алынуда.

"Әуе транспортының инфрақұрылымын дамыту аясында өткен жылы Қостанай мен Балқаш әуежайларындағы ұшу-қону жолдары жөнделді. 2019 жылы 1 мамыр күні FlyArystan лоукостері ұша бастады. Былтырғы жылдың қараша айынан бастап ашық аспан режимі енгізілді. Осы режим шеңберінде 14 халықаралық жаңа бағыт ашу жоспарлануда", – деді министр.

Сондай-ақ коронавирус пандемиясы кезінде әуе қатынасы саласы қиыншылықтарға тап болғанын еске салды.

"Жақында коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Осы комиссия 1 маусымнан бастап үш елге: Оңтүстік Корея, Қытай және Әзірбайжанға рейстерді қайта қалпына келтіру мәселесін пысықтауға рұқсат беретін шешім қабылдады. Елдерді таңдау кезінде COVID-19 бойынша халықаралық рейтинг негізге алынды. Бұл елдердегі ахуал – ең қауіпсіз. Осылар бойынша шешім қабылданды. Келесі кезекте Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Чехия және Тайланд бар. Бұл тізімге Венгрия мен Польша да кіруі мүмкін. Ол елдердегі коронавирустық инфекция біршама қауіпсіз. Бұл – 15 маусымнан кейінге жоспарланып отыр. Түркияның транспорттағы басшылығы да 20 маусымнан кейін әуені ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұл мәселе де қарастырылады", – деп түсіндірді министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу