Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) бас хатшысы доктор Фан Лю ресми сапармен Қазақстанға келді, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
ИКАО бас хатшысының бұл сапары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті мен Қазақстан Республикасының Канададағы елшілігінің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі. Бұл сапар мамандандырылған "Astana EXPO-2017" халықаралық көрмесі аясында жасалып отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ИКАО-мен ынтымақтастығы тиімді дамып келеді. Бұрынғы Бас хатшы Р.Бенжаменнің Астанаға алғашқы ресми сапары 2014 жылдың қыркүйегінде жасалған болатын. Ол сапар екі елдің ынтымақтастыққа серпін бергенін айта кеткен жөн. ИКАО бас хатшысының сапары ИКАО мен Қазақстанның өзара іс-қимылының жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Үш күндік сапар аясында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің және Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігінің басшылығымен ресми кездесу өткізуі жоспарланған. Сонымен қатар, сапар аясында авиация саласының өкілдерімен де кеңес өткізу жоспарланып отыр. Сапар барысында Қазақстан Республикасы мен ИКАО-ның бұдан ары өзара іс-қимылдарына байланысты бірқатар мәселелер талқыланбақ.
ИКАО-ның ұшу қауіпсіздігі мен ИКАО-ға мүше барлық елдердің авиациялық қауіпсіздігіне тұрақты аудит жүргізіп, валидациялық миссиялар өткізетінін атап өту қажет. ИКАО-ның ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік бойынша соңғы кешенді аудиті Қазақстанда 2009 жылы жүргізілді. 2014-2016 жылдары өткізілген ұшу қауіпсіздігі жөніндегі валидациялық миссиялар нәтижелері бойынша ИКАО стандарттарын енгізу деңгейі 74%-ға дейін артты. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қараша айында авиациялық қауіпсіздік бойынша кешенді аудит жүргізіледі деп күтілуде.