Халықаралық банктен алынған 345 млн евро қарыз толығымен игерілді – Қаржы министрі

396

Қаражат әлеуметтік бағыттарға, экономиканың дамуына бағытталды.

Халықаралық банктен алынған 345 млн евро қарыз толығымен игерілді – Қаржы министрі Фото: UDF

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Қос палатаның бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қаржы министрінен былтыр Қазақстанның Халықаралық қайта құру және даму банкінен алған 345 млн евро қарызы қандай мақсаттарға жұмсалғанын сұрады. 

"Бұл қарыз республикалық бюджетте қарастырылған әлеуметтік және де басқа да мәселелерге жұмсалады, бюджет тапшылығын толығымен қаржыландырады деп айтқан едіңіздер. Қаржы қандай шығыстарға жұмсалатыны туралы депутаттар тарапынан сұрақтар қойылды. Тұшымды жауап ала алмадық. Осы алынған қаржы қандай мақсаттарға жұмсалды? Ол игерілді ме? Игерілсе, қандай бюджеттік бағларламалар мен нысандарға бағытталды?", - деді депутат.

Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, сырттан алған қарыздың, әсіресе халықаралық қаржы ұйымдарынан алатын қарыздардың талаптары өте қатаң. 

"Оның макроэкономикалық тұрақтылық, елдің рейтингі және тағы да басқа талаптары бар. Дүниежүзілік банктің талаптарына келсек, олар елімізде жүргізіліп отырған нарықтық реформалар мен структуралық реформалардың нәтижелеріне баға беріп отыр. Сондықтан жақсы баға бергеннен кейін жеңілдікпен несиені бізге берді. 345,7 млн евро жақын арада игерілді. Бұл әлеуметтік бағыттарға, экономиканың дамуына жұмсалып отыр. Атап өтсек, өңдеу өнеркәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беріліп отыр. Темір жолда жүретін вагондардың барлығы ескірген. Сол вагондарды сатып алу үшін "Қазақстан темір жолына" арнайы несие ретінде берілді. Бұл қаражат қайтарымды. Қаражат толығымен игерілді және экономикамызға жұмыс істейтін болады", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу