"Жібек жолы салт ат үстінде" атты халықаралық экспедициясы мүшелері Шығыс Қазақстанға саяхат ұйымдастырмақ. Осылайша олар да "Рухани жаңғыруға" үн қоспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш сапар биылғы маусым айына жоспарланып отыр. Экспедицияны ұйымдастырушы "Еуразиялық бірлік үшін" қоғамдық қорының президенті Иштван Бенце облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесуінде осылай деді.
"Астанадан Қарақорымға дейін" деп аталатын бұл сапар "Алматыдан Мажарстанға дейін" және "Будапештен Астанаға дейін" атты экспедициялардың жалғасы болмақ. Итван Бенценің басшылығымен үш адамдық топ ежелгі ғұндар сияқты киініп, жолдың басым бөлігін салт атпен жүріп өтпек. "Бұл осыдан ондаған ғасыр бұрын шығыстан батысқа қарай қоныс аударған ата-бабаларымыздың басынан өткергенін сезіну үшін жасалып отыр", – дейді мажарстандық саяхатшы.
Кездесу барысында мажарстандық мейман облыс әкіміне экспедиция жүріп өтетін маршрутты да таныстырды. Оның айтуынша, Астанадан шыққан саяхатшылар Ерейментау, Екібастұз, Павлодар, Семей, Өскемен, Үлкен Нарын, Қатонқарағай сияқты үлкенді-кішілі елді мекендерде аялдап, Берел қорымындағы прототүркілердің қорымына тәу етпек. Бұдан кейін ол Моңғолияға жол тартады. "Ата-бабаларымыз ғұндар сияқты жолдың негізгі бөлігін ат үстінде жүріп өтпекпіз. Сапарымызды бастан-аяқ бейнекамераға түсіріп отырамыз деп шештік. Осы арқылы бір-бірімізді жақынырақ тани түсеміз, екі ел арасындағы мәдени, рухани байланысты нығайтуға шама-шарқымызша үлесімізді қосамыз деп үміттенемін" - деген Иштван Бенце. Жалпы, бес жыл ішінде салт атты саяхатшылар Мажарстан, Болгария, Грузия, Сербия, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей, Моңғолия, Қытай мен Оңтүстік Корея елдерін атпен аралап шықпақ.