Халықаралық эстафета алауы ШҚО-ға жетті

748

1987 жылы басталған эстафетаға осы күнге дейін 10 миллионнан астам адам қатысыпты. Акцияның биылғы маусымы шілде айының соңында Ресейден бастау алып, еліміздің Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасын тапты.

Халықаралық эстафета алауы ШҚО-ға жетті

Төрткүл дүниені түгелге жуық аралаған "Бейбітшілік жүгірісі" халықаралық алау эстафетасы Шығыс Қазақстанға да келді, деп хабарлайды altaynews.kz.

ШҚО-да эстафетаға қатысушылар шамамен 1,5 мың шақырым қашықтықты басып өтуге тиіс. Жол бойында бейбітшілік алауы бірнеше аудан мен қалада аялдамақ.

Зайсан ауданының жұртшылығы көршілес Павлодар облысынан келген қонақтарды Баймұрат батыр ескерткішінің жанынан қарсы алды.

Эстафетаның Қиыр Шығыс пен Сібірдегі координаторы, омбылық Александр Арнст қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін зайсандықтарға рақымет айтып, аудан басшылығына алғыс хат табыс етті.

Сол сияқты Тарбағатай ауданында да халықаралық эстафетаны қарсы алу іс-шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алыстан келген қонақтарды Ақсуаттың кіреберісінде жергілікті спортшылар қарсы алып, Ырғызбай Досқанаұлы атындағы стадионға жеткізді. Бұл жерде тарбағатайлықтар меймандар құрметіне концерт қойып, жылы лебіздерін жаудырды.

Бұдан кейін Күршім ауданына ат басын тіреген спортшыларды жергілікті халық зор қошеметпен күтіп алды. Күршім ауылының орталық алаңында ұйымдастырылған үлкен жиын Қ.Тұрар атындағы мәдениет үйінде өткен концертке ұласты.

Айта кетейік, Сарыөлең мен Күршім ауылдарының арасындағы жолды қонақтармен бірге жергілікті спортшылар да жүгіріп өтті.

Енді тоғыз адамнан құралған халықаралық эстафета командасы Ресейдің Новосібір қаласына жол тартпақ.

Осы ретте салауатты өмір салтын, сондай-ақ, ұлтаралық татулықты насихаттайтын биылғы эстафетаның жалпы ұзындығы 3 200 шақырымнан асады. Тағы бір атап өтер жайт, "Бейбітшілік жүгірісі – 2019" халықаралық эстафетасына қатысушылар арасында Қазақстан, Беларусь, Латвия мен Ресей спортшылары бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу