Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әл-Фараби орталығының 30 жылдығына арналған ⅠⅠ Халықаралық Фараби форумы өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
"Тіл философиясы және Әбу-Насыр әл-Фараби философиясының тілі" атты ауқымды шараның мақсаты – ғұлама мұрасы арқылы қазіргі қоғам өркендеуінің рухани, тарихи және философиялық негізін түсіндіру.
Жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашты.
"Бүгінгі халықаралық форум әл-Фараби құбылысын заманауи талдауды және терең зерттеуді талап етеді. Біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Әл-Фараби туралы барлық ақпаратты біріктіру қажет. Тарих шежіресіне мықтап енген ұлы ойшылдың еңбектерін біз өскелең ұрпаққа беруіміз керек", – деп атап өтті ректор.
Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Мухсин Фағани форумда сөйлеген сөзінде:
"Фарабиді толғандырған басты мәселе – дін мен философияның байланысы мен интеграциясы. Ол ислам діні мен грек даналығы арасында қайшылық жоқ екенін, ал егер қайшылық болған жағдайда мәселенің сыртқы көріністерімен байланысты деп есептеді. Өткен жылы Ислам революциясының көшбасшысы және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың екіжақты кездесуі барысында әл-Фараби еңбектерін зерттейтін бірлескен ғылыми комитет құру туралы мәселе талқыланды. Бүгінде бұл идея жүзеге асуда", – деген пікірімен бөлісті.
Сондай-ақ форумның ашылу салтанатында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммед аш-Шаххат Әл-Джинди, Өзбекстанның Алматыдағы Бас консулы – Аброр Фатхуллаев және өзге де шетелдік қонақтар сөйледі.
Шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүшелері, Қазақстандағы шетелдік консулдықтар мен шетелдегі әл-Фараби орталықтарының өкілдері, фарабитанушы ғалымдар мен дипломаттар, Түркия, Нидерланды, Ресей, Өзбекстаннан келген жас ғалымдар қатысуда.
Форум аясында "Әбу Насыр Әл-Фараби мұрасы және әлемдегі психологиялық ғылымның дамуы", "Әл-Фарабидің тәрбие тілі: Мәдениетаралық қарым-қатынас және ұлттық болмыс контексіндегі тұлға" және тағы басқа өзекті тақырыптарда пікірталас алаңдары өтеді.