Халықаралық нарықта қазақстандық мұнайға сұраныс қалпына келе бастады

1270

Халықаралық нарықта қазақстандық мұнайға сұраныс қалпына келе бастады

Халықаралық нарықта қазақстандық мұнайға деген сұраныс қайта қалпына келе бастады. Соңғы 2 жылда қара алтын экспорты азайғанымен, 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның шикі мұнайына сұраныс 37 пайызға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпарат көзінің мәліметінше, Қазақстан қазіргі таңда дағдарыс алдындағы көрсеткішке жету үшін мұнай экспортын арттыра түскен. Биылғы жылдың 9 айы ішінде шетелге 50,7 миллион тонна шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдері сатылған. Осылайша, көмірсутек экспорты өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға артып, екі жылдық төмендеу кезеңіне нүкте қойылды.

Қазақстандық мұнайды саудалаудан түскен пайда да артып келеді. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында қара алтынның экспортынан Қазақстанның бюджетіне 19,2 миллиард доллар түскен. 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 36,6 пайызға артық екенін айта кету керек. Мұнай бағасының 27 пайызға қымбаттағанын ескерсек, жыл басындағы бәсеңдікке қарамастан Қазақстанның қара алтынына деген бұрынғы сұраныстың қайта қалпына келгенін аңғаруға болады.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан тек 15,9 миллион тонна шикі мұнайды сыртқа сатып, қара алтынның соңғы 6 жылда ең аз мөлшері саудаланғаны тіркелген еді. Бір жыл ішінде Қазақстанның мұнайын сатып алушылардың "үштігінде" өзгерістер болды, Швейцарияның орнын Франция басып отыр. Нақтырақ айтқанда, франциялық компаниялар биыл 2,1 миллиард доллардың мұнайын сатып алып, 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы көрсеткішпен салыстырғанда 69,6 пайызға артық сауда жасаған. Бұған қоса, Франция сатып алатын қара алтынның бағасы 28 пайызға қымбаттаған болатын. Нарықта ең ірі сатып алушы бұрынғыдай - Италия. Соңғы 9 айда ол мемлекет 6,2 миллиард доллардың 16 миллион тонна мұнайын сатып алған. Ал Қытай негізгі серіктес ел болғанымен, қазақстандық қара алтынға деген сұранысты бәсеңдетіп келеді.

Биыл Қытай 567,7 миллион доллардың мұнайына тапсырыс берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға аз.    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу