Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұлттық науқандар өтіп жатыр

211

Қазақстан бастамасын 59 ел қолдап, ұлттық волонтерлік науқандарын өткізуде.  

Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұлттық науқандар өтіп жатыр Фото: stakeholders.com.pe

2026 жыл Қазақстанның бастамасымен Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бастама БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан қолдау тауып, волонтерлікті Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің маңызды тетігі ретінде ілгерілетуге жол ашты.

Қазір Халықаралық волонтерлер жылы аясында әлемнің 59 елінде ұлттық науқандар ұйымдастырылып жатыр.

Мәселен, Испанияда атаулы жылға арналған ұлттық жоспарға 172 іс-шара енгізілген. Оның аясында цифрлық волонтерлікті дамытуға, жастар мен корпоративтік сектордың белсенділігін арттыруға басымдық беріліп отыр. Елде "Менің сүйікті волонтерім" байқауы өтіп, волонтерлерді даярлау бағдарламалары мен цифрлық жобалар жүзеге асырылуда.

Испанияда корпоративтік волонтерлікке де ерекше көңіл бөлінген. Қараша айында елде V Халықаралық конгресс өткізіледі. Жиында волонтерліктің кәсіби дамуға, қоғамдастықтарды нығайтуға және әлеуметтік бастамаларды қолдауға қосатын үлесі талқыланады.

Кипр де халықаралық бастамаға белсенді қатысып жатыр. Ел үкіметінің мәліметінше, жыл басынан бері 300-ден астам волонтерлік жоба жүзеге асырылған.

Кипрде волонтерлік мәдениетін мектеп жасынан қалыптастыруға басымдық берілген. Оқушылар БҰҰ айқындаған 17 Тұрақты даму мақсатына негізделген әлеуметтік жобаларды өздері ұсынып, оларды іске асыруға қатысады.

Олардың қатарында жағажайларды тазарту, аумақтарды абаттандыру, ағаш отырғызу, қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізу, киім-кешек, ойыншықтар мен кітаптар жинау, сондай-ақ қарт адамдарға қолдау көрсету бастамалары бар. Бұдан бөлек, психикалық денсаулықты қолдауға және онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетуге бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу