Халықаралық волонтерлер жылы нақты жетістіктер кезеңіне айналады – Аида Балаева

136

Ел азаматтарының волонтерлік қызметке жұмылуы артып келеді.

Халықаралық волонтерлер жылы нақты жетістіктер кезеңіне айналады – Аида Балаева Фото: t.me/res_2026

Әрбір үшінші қазақстандық волонтерлік бастамаларға қатысып отыр. Бұл туралы елордадағы Өңірлік экологиялық саммит аясындағы волонтерлік және экологиялық іс-шаралар сессиясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгінде әрбір үшінші қазақстандық волонтерлік бастамаларға қатысып отыр, ал волонтерлік қызмет туралы хабардар болған халықтың үлесі 89 пайызға жетті. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде волонтерлік ұйымдардың саны үш есеге, еріктілер топтары он есеге, белсенді еріктілер саны 6 есеге өсті.

А. Балаева жұмысқа орналасу және оқу орындарына қабылдау кезінде волонтерлік қызметті есепке алу, сондай-ақ волонтерлердің өмірін сақтандыру мәселелері қарастырылып жатқанын атап өтті. Осы шараларды жүзеге асыру үшін тиісті заңнамалық түзетулерді қабылдау жоспарланған.

"Өздеріңізге белгілі, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осы орайда жыл соңына дейін волонтердің цифрлық паспортын енгізуді жоспарлып отырмыз", – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, кейінгі бес жылда 10 мың волонтердің қатысуымен Аралдың құрғаған табанында 1 млн гектер жерді қамти отырып, сексеуіл көшеті егілді.

"Біз халықаралық серіктестермен бірлескен жұмысқа, әсіресе волонтерлік саладағы тұжырымдамалық тәсілдерді қалыптастыруға ерекше мән беріп келеміз. БҰҰ-ның Еріктілер бағдарламасымен өзара тәжірибе алмасу, озық тәжірибелерді енгізуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Осы орайда Біріккен Ұлттар Ұйымы Еріктілер бағдарламасының делегациясын, сондай-ақ бүгінде Қазақстандағы БҰҰ жүйесінің түрлі агенттіктерінде қызмет атқарып жүрген Жапония, Корея Республикасы және Ауғанстан елдерінен келген еріктілерге ерекше ықыласымды жеткізгім келеді. Біздің бекем байланысымыз алдағы уақытта да нығайып, нақты нәтижелерге ұласатынына сенімім мол. Халықаралық волонтерлер жылы бәріміз үшін нақты жетістіктер мен жаңа табысты бастамалардың кезеңіне айналатынына күмәнім жоқ", – деді Аида Балаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу