"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы тың жобаны қолға алды. Енді, жұмыстан шыға алмай, қажетті құжатын ала алмаған астаналықтар оны түн ортасына дейін барып алса болады. Ал сенбі күнгі жұмыс кестесі таңғы сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін ұзарды, деп хабарлайды корпорацияның баспасөз қызметі.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, пилоттық жоба әзірге тек Астанадағы Сауран, 7 мекенжайында орналасқан ХҚКО-да қолға алынды. "Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары бұл ХҚКО-да мемлекеттік қызметтерді таңғы сағат 8-ден түн ортасына дейін ала алады. Сонымен қатар басқа ХҚКО-ға барып, белгілі бір қызметке құжат тапсырып, нәтижесін алуға үлгермеген азаматтар оны Сауран, 7 мекенжайындағы ХҚКО-да сағат 7-ден 24.00-ге дейін алуына болады. Пилоттық жоба 2 айға жалғасады. Түнгі уақытта бұл ХҚКО-ға келушілер саны артқан жағдайда, біз Алматы қаласында және Қазақстанның басқа өңірлерінде де осындай жұмыс кестесімен ХҚКО-ларды ашу нұсқасын қарастырамыз", – дейді Абылайхан Оспанов.
Айта кетейік, бұл үкіметтің мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуге бағытталған бірінші жобасы емес. Мемлекеттік корпорация наурыз айында есту және сөйлеу қабілеті төмен клиенттерге қызмет көрсету үшін онлайн сурдо аударма қызметін, дайын құжатты үйге жеткізу сервисін іске қосты, сондай-ақ наурыз айынан бастап Қазақстан азаматына көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижесі туралы смс-хабарлама түсіп тұрады.