Баянауыл ауданы орталығындағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының филиалы тұрғындарды қабылдамайды. Себебі 16 қараша күні коронавирусқа шалдыққан клиентке қызмет көрсеткен маманның қауіпті вирусты жұқтырғаны белгілі болды. Сол күні сырқатқа шалдыққан қызметкер және оның екі әріптесі үй карантиніне жіберілді. Ал күні кеше орталықтың тағы бір маманының ПТР-тест талдамасы бойында вирустың барын көрсетті.
"Орталықта жұмыс істейтін 12 қызметкердің барлығы карантинге жіберілді. Оның төртеуі, яғни күзетшілер мен еден жуушы - штаттан тыс қызметкерлер. Әзірше баянауылдықтар қызметтің барлығын электронды үкімет сайты арқылы немесе Майқайың кентіндегі сектордан ала алады. Ал 30 қараша күні орталық өз жұмысын қайта жалғастырады. Сол кезде үй жағдайында ем қабылдауға жіберілген алғашқы қызметкерлердің карантин мерзімі аяқталады", - дейді аудандық ХҚКО басшысы Айдос Маненов.
Бірақ кейбір тұрғындардың күтетін уақыты әрі egov.kz сайты арқылы анықтамаларды алатын мүмкіндіктері жоқ.
"Жұмыс орным сотталмағаны туралы анықтаманы сұратты. Халыққа қызмет көрсету орталығы жабық болғандықтан сайт арқылы алайын десем, ол үшін электронды-цифрлық қолтаңба қажет екен. Оны алу үшін Майқайыңға бару керек. Ал Майқайыңда бір күнде ондаған тұрғын коронавирустық инфекция жұқтырып, санитарлық бекеттер қойылды. Мен аудан орталығынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылға емін-еркін барып, қолтаңба мен анықтаманы ала алмаймын. Енді қайтпек керек? Тұрғындардың да жағдайын ойластырып, аудан орталығындағы әкімдіктің ішінен уақытша болса да анықтамаларды алып беретін орын қарастыруға болмас па еді?", – дейді Баянауыл тұрғыны Оразбай Ахметов.
Әзірше жергілікті билік тұрғындардың бұл сұрақтарына жауап бере қойған жоқ. Тек қызметтердің 80%-ы электронды түрде көрсетілетінін еске салып, egov.kz порталы, egov mobile мобильді қосымшасы, eGovKzBot2.0 телеграм боты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларды қолдануға кеңес берді.
Ажар Дәулетова