Алматыда туған қызының еміне халықтан жыларман болып ақша сұрап, ізінше жиналған қаражатты басқа мақсатқа жұмсаған әйел айыпты деп танылды. Бұл туралы qasym.kz хабарлайды.
Бостандық аудандық соты Ақмарал Жақсылықованың әрекетін заңсыз деп тауып, қайырымдылық қорынан оған берілген 12 млн теңгенің 10 млн теңгесін қайтарып беру туралы шешім шығарды.
"Алматы" арнасының дерегінше, еріктілер былтыр ақша жинап, мұқтаж жанға тапсырған екен. Алайда, бүйрекке зәру болған Жанел Жайлауованың анасы белсенді жастар табыстаған қаржының тең жартысын өзге қажеттіліктеріне жаратып жіберіпті. Ал, келісімшартта қомақты қаражат тек науқас қыздың отасына ғана жұмсалуы керек деп көрсетілген. Осы тұста, 12 жастағы Жанелге операция Үкімет тарапынан тегін жасалған. Қажетті ағзаны қыздың туысы өз еркімен берген екен. Осыны ескерген сот бірнеше айға созылған даулы іске нүкте қойды. Енді айыпталушы тарап соттың шешімін 1 айда даулап, аппеляциялық шағым түсіре алады.