Халықты емханаға тіркеу науқаны басталды

665

15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында елордалықтар еркін түрде емхана таңдай алады.

Халықты емханаға тіркеу науқаны басталды

Қазақстанда халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі кампания екі ай бойы, 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін созылады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынның елорда филиалы өткізген баспасөз мәслихатында баяндалды.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 38 медициналық ұйымға тіркеле алады. Олардың 18-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар.

"Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана Медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы тиіс. Биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Жалпы емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да бұрынғы клиниканың қызметін пайдалана берсе болады", – деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кетейік, тіркеу науқанын өткізуге жергілікті денсаулық сақтау басқармалары жауапты болады. Сондықтан тіркеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша медициналық ұйымдарға немесе Денсаулық сақтау басқармасына хабарласу қажет.

Емханаға тіркелу туралы өтініш қанша уақыт ішінде қаралады?

Емханаға тіркеу немесе тіркеуден дәлелді тұрғыда бас тарту 1 жұмыс күні ішінде қаралады.

Не себепті үйге жақын емханаға тіркелу маңызды?

Біріншіден, медициналық көмек алу үшін үйден емханаға 15-20 минутта жаяу жүріп жету ыңғайлы.

Екіншіден, медициналық көмектің үйде көрсетілуіне, соның ішінде дәрігерді немесе мобильді бригаданы үйге шақыруға болады.

Барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс жасайды және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған жағдайда ғана оған медициналық көмек үйде көрсетіледі.

Бір мезгілде бірнеше емханаға тіркелуге бола ма?

Жоқ. Қай кезде де тек бір емханаға тіркеледі, себебі медицина ұйымына тіркелу сіздің ЖСН нөміріңіз бойынша жүзеге асырылады. Таңдаған емханаңызға тіркелгеннен кейін, бұрынғы емхана автоматты түрде тіркеуден шығарады.

Егер емханаға тіркелу науқаны кезінде өтініш бермесе не болады?

Ондай жағдайда сіз өзіңізге бұрын қызмет көрсеткен тіркеудегі емханада қаласыз.

Тіркеу науқаны кезінде басқа емханаға тіркелу үшін өтініш бердім делік, ол жерде медициналық көмекті қай уақыттан бастап алуға болады?

Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап алатын боласыз. Ағымдағы жылдың соңына дейін сіз өзіңізге бұрын қызмет көрсетілген емханада тіркеуде қаласыз және медициналық көмек алуды сол жерде жалғастырасыз.

Қандай жағдайларда емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін?

Жалған ақпарат берілген жағдайда;

Пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқандығы анықталған уақытта;

Жалпы практика дәрігеріне бекітілген халықтың саны 1,7 мың адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кеткен жағдайда;

Бекітілетін тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін.

Тіркеу науқанына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізімімен Қордың www.fms.kz ресми сайтының "Емхана таңдау" бөлігі арқылы танысуға болады.

Азаматтардың емханаға тіркелуі өте маңызды. Себебі,  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер осы емханалар арқылы ұсынылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу