"Халықты қанау": Нартай Сәрсенғалиев ақылы автотұрақтар санын қысқартуды ұсынды

280

Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру да ұсынылды. 

"Халықты қанау": Нартай Сәрсенғалиев ақылы автотұрақтар санын қысқартуды ұсынды Фото: Колеса

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев сонымен қатар ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын ұзартуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Басқа түгілі бас қалада аттап бассаң, ақы төлеуге тура келеді. Себебі алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақ болады деген желеумен басталған жоба тұтас қаланы тұтқынға алды. Қазір Астанада 7216 ақылы автотұрақ бар екен, оны жыл соңына дейін 10 000-ға жеткізу жоспары бар екен. Сол ақылы тұрақтардан алынатын ақшада жекеменшік компанияның үлкен үлесі бар. Әр сағаты 100 теңге. Демалыс немесе мереке күндері тегін деген жеңілдікті  де алып тастаған. Ақылы автотұрақтардың ақысын төлемесең айыппұл салады, сомасы – 10 000 теңгеден асады. Яғни, азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл дегеніміз 100 есе көп", – еді халық қалаулысы депутаттық сауалында.

Нартай Сәрсенғалиевтің дерегінше, 2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген ақшаның 95 пайызы жеке серіктеске, тек 5 пайызы мемлекетке түсіп келген.

Мәжіліс депутаты келтірген ресми статистикаға сүйенсек, 2021 жылы елордадағы ақылы автотұрақтарға ел азаматтары – 90 994 105 теңге, 2022 жылы 152 466 542 теңге төлеген.

"Мұның қаншасы мемлекетке түскенін есептеуге қиынға соқпайды. Бұл халықты қанау емес пе? 2022 жылдың желтоқсанында ақылы тұрақ үшін төленген ақшаның 75 пайызы жеке серіктеске, ал 25 пайызы мемлекетке түседі деген шешім қабылданған. Мемлекеттік мекеме құрып қаржыны толық мемлекетке түсірудің орнына бұл міндеттің неге  жеке компанияға берілгені түсініксіз. Нақты сандар, 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда азаматтарымыз Астанадағы ақылы автотұрақтарға 725 995 427 теңге төлеген. Соның 617 315 439 теңгесі жеке серіктестікке төленген, тек 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне түскен.  Ал автотұрақтарды абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Жеке компанияның міндеті қандай сонда?",  – деп атап өтті ол.

Мәжілісмен ақылы автотұрақтарға коммерциялық орталықтар, қоғамдық орындар тіпті, құрылыс нормалары мен қағидаларын бұза отырып әлеуметтік объектілерге келушілерге арналған жерлерде де берілгенін жеткізді.

Сөзінше, автокөлік мінген халықты ақылы автотұрақ арқылы қанау үлкен қателік.

Депутаттың ұсынысы:

  • Ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудардарда ғана қалдырып, қалғанын қысқарту. Тұрғын үйлер мен саябақтардың аумағында ақылы тұрақ болмауы қажет;
  • Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру;
  • Ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемі 30 минутқа жеткізу;
  • Бейнебақылау камералары арқылы салынатын айыппұлдарды кемі 2 есе азайту.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу