"Эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, өңірлердегі жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шара қабылдау қажет. Осыған байланысты мынадай тапсырма беремін. Бірінші, денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге медицина ұйымдарының 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етсін. Егу пункттерінде вакцинаны сақтауға арналған қажетті жабдық болуға тиіс. Сонымен бірге медицина қызметкерлерін оқыту қажет. Бір апта мерзімде егу пункттерінің әзірлігін және вакцинамен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін шешуді тапсырамын", – деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Бұдан кейін үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық жағдай нашарлайтын болса, шектеу шараларын қабылдауды, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларын қатаң сақтауын қамтамасыз етуді тапсырды.
"Бір апта мерзімде инфекциялық ауруханалар мен бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрілердің қорына ревизия жүргізілсін. Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірге мониторинг топтарының жұмысын күшейтсін. Ақпарат министрлігімен бірге түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Өңірлерде бақылау мен санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуы қамтамасыз етілсін!" – деді премьер-министр.
Қанат Махамбет