Халықтың өз ұстанымын білдіру мүмкіндігін кеңейту қажет – Дәурен Абаев

1134

Бейбіт жиналыс пен митинг өткізу тәртібі туралы қолданыстағы заңның қабылданғанына 25 жыл болды. 

Халықтың өз ұстанымын білдіру мүмкіндігін кеңейту қажет – Дәурен Абаев

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасы талқыланды. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. 

"Азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясымен бекітілген негізгі құқықтарының бірі – бейбіт жиналыс өткізу құқығы. Бұл құқық заңға сәйкес елімізде толық жүзеге асырылады. Бүгінде бейбіт жиналыстар мен митинг өткізу тәртібі туралы қолданыстағы заңның қабылданғанына 25 жыл болды. Осы жылдарда әлеуметтік экономикалық салада үлкен өзгерістер орын алды. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Бүгінгі таңда халықтың өз ұстанымын бейбіт жиналыстар арқылы білдіру мүмкіндігін айтарлықтай кеңейту қажеттілігі пайда болды. Азаматтық қоғамның сұранысы мен уақыт талабы осындай", – деді Дәурен Абаев.

Министрдің мәлімдеуінше, жаңа заң жобасына қолданыстағы заңға өзгеріс енгізу міндеті ғана жүктеліп отырған жоқ. 

"Бұл барлық бейбіт жиналыс түрлерін ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттейтін тұжырымдамалық тұрғыдағы жаңа заң жобасы. Біз АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустралия, Сингапур, Швеция, Ресей сияқты елдердің осы саладағы заңнамаларын мұқият зерделедік. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әлемнің көптеген елдеру бейбіт митинг ұйымдастыру және өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікке басымдық береді. Тіпті бірқатар демократиялық елдер әлемдегі қоғамдық-саяси жағдайдың ушығуын ескер отырып, бейбіт митинг өткізу жөніндегі заңнамасын қатаңдатқан. Сонымен бірге керісінше, либерилизация жолымен жүретін елдер де бар. Біз қоғамдық пікір мен әлеуметтік желілерге зерттеу жүргіздік. Қарама-қайшы пікірлер өте көп. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне барлық мүдделі тараптардың талабына сай келетін заң жобасын әзірлеу оңай болып жатқан жоқ", – деп түйді ойын Дәурен Абаев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу