21 қазандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы істе жаңа мән-жайлардың пайда болғанына байланысты сот тергеуін қайта бастауды сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz Halyq uni порталына сілтеме жасап.
Бұған дейінгі сот отырысында Ақылбек Рысқалиев (облыстық мәдениет басқармасының басшысы) бастапқыда берген жауабынан бас тартып, оған қысым көрсетілгенін мәлімдеді.
"Мені Хаменовамен қалай сөйлесу қажет екеніне дайындады. Мен Адамов (Өміртай Адамов "Балқыту" ЖШС директоры), ақша туралы айтсам, Хаменова оны түсінбейтінін ескерттім. Ешқандай сезік тудырмайтындай етіп сөйлеп, ыммен сөйлесіп жеткізу қажет екенін айтты. Ең бастысы менің ақша алып келгенімді Хаменова түсінсін деді. Мені қалай дайындады, мен солай жеткіздім" – деді Рысқалиев.
Оның сөзінше, Антикор қызметкерінің бірі Хаменоваға қарсы жауап берсе, қорғалу құқығы бар куә болып қалатынын айтқан.
"Құрметті сот! Рысқалиевтің жауабынан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерінен – Изат Мұратова, Мақсат Мұратов және Мұрат Нұрмұхановтан онлайн режимде жауап алуды сұраймын", – деді мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова сот отырысында.
Ал Ақылбек Рысқалиевтің адвокаты Нұрлан Жолболов прокурордың сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішін қанағаттандырмауды сұрады.
"Менің қорғауымдағы Рысқалиев сотта жауап берген кезде расымен де өзіне Антикор қызметкерлерінің қысым жасағанын айтты. Алайда нақты кімнің қысым көрсеткенін сұрағанымда адамдардың көп болғанын, сондықтан кімнің қай уақытта не айтқанын білмейтінін жеткізді. Антикор қызметкерлерінен жауап алғаннан не шығады? Олар қысым көрсеткенін мойындамайтыны анық. Ал мемлекеттік айыптаушының сот тергеуін қайта бастау туралы өтініші әуре-сарсаңға салып, сот процесінің негізсіз созылуына әкеледі. Сол себепті прокурордың сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішін қанағаттандырмай, нақты сот процесін жалғастыруды сұраймын", – деді Нұрлан Жолболов.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Бақытгүл Хаменованың ісі Атыраудағы №2 қалалық сотта қаралып жатыр. Айыптау актісі 55 беттен тұрады.
2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.