"Хан Шатыр" сауда, ойын-сауық орталығының астыңғы қабатын түтін басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖК сілтеме жасап.
"2 қарашада сағат 9:42-де "101" пультіне "Хан Шатыр" сауда, ойын-сауық орталығының жертөле қабатын түтін басқандығы туралы хабар келіп түсті. Оқиға орына келген өрт сөндірушілер аталған нысанның техникалық бөлігінде электр кабельдердің тұтанғанын анықтады", – делінген комитет хабарламасында.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде кабельдердің жануы сағат 10:36-да толықтай өшірілді.
Белгілі болғандай, өрт сөндірушілер келгенге дейін орталық әкімшілігі қызметкерлердің барлығын эвакуациялап үлгерген. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндіруге жеке құрамдағы 11 адам мен елордалық ТЖД-ның екі техникасы тартылды.