Ресей Новороссийск портындағы дауылды желеу етіп, Қазақстаннан ЕО-ға тасымалданатын мұнай жеткізіліміне әдейі кедергі келтіруде. Мәскеу Еуропадағы бағаны жоғары деңгейде ұстап тұрып, өзіне қарсы санкциялар жариялаған Еуропалық одақтың экономикасына залал тигізбек. Германияның Handelsblatt деп аталатын экономикалық газетінде осындай мәлімдемелер жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Еуропаға жеткізілетін мұнай көлемінің қысқаруына Қара теңіздегі бірнеше күн қатарынан ойран салған дауыл себеп болды деп жарияланған еді ресейлік БАҚ-та. 22 наурызда сұрапыл жел салдарынан Новороссийсктегі үш айлақ құрылғысының екеуі істен шықты деп хабарланды.
Бірақ неміс метеорологиялық қызметі (Deutscher Wetterdienst, DWD) Handelsblatt басылымына аталған күндері ауа-райы қалыпты болғанын айтты. Желдің күші 20 наурызда 43 түйінге жеткен, бұл халықаралық Бофорт шкаласы бойынша 9 балдық дауылға сәйкес келеді. Егер көрсеткіш 12 балға немесе 64 түйінге жетсе ғана жойқын жел болып саналады.
Каспий құбыр консорциумының штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан. Оның мұнай құбыры Ресей аумағы арқылы өтеді және ресейлік фирмалар консорциумда басымдыққа ие, алайда құбырдағы мұнай Қазақстанда мұнай өндірумен айналысатын Chevron, Shell және Eni сияқты Батыс фирмаларына тиесілі.
Басылымның пікірінше, Мәскеу Қазақстанды Батыс елдеріне қысым жасау үшін пайдаланып отыр. Қара теңіздегі терминал Еуропа үшін маңызды. Бұл құбыр арқылы жыл сайын 60 миллион тоннадан астам мұнай жеткізіледі. Бұл еуропалық жылдық тұтынудың шамамен 10%-ы.
Ескере кететін жайт, 5 сәуірде Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылға арналған мұнай өндіру көлемін біршама төмендеткенін мәлімдеді.
Табиғат Нұрболат