Бүгін Абай облысында ХХIV республикалық Абай оқулары басталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Жарысқа қатысушылар "Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы", "Абайдың қара сөздері", "Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары", "Көңілімді ұғады", "Жүйрік он жүйрік озар жарысқанда", "Ұлы" атты алты номинация бойынша бақ сынайды.
Басты шарт – оқушылар ақындардың барлық шығармаларын жатқа білуі қажет.
"Айта кетсек, қазылар алқасы қатысушылардың Абайдың қарасөздерін толық білуі, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай және Мағауия Абайұлдарының шығармаларын жатқа оқуын бағалайды. Сондай-ақ ақындардың рухани болмысына эссе жазу, шығарма мәтіндерін мәнерлеп айту, толық білуі бойынша бірнеше критерий қолданылады", - делінген министрлік мәліметінде.
Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және грамоталарымен, сонымен қатар естелік сыйлықтарымен марапатталады.
Абай Құнанбаевқа арналған шығармашылық байқау үш күнге созылады. Салтанатты марапаттау рәсімі 10 тамызда Жидебайда "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешенінің базасында өтеді.