Польшаның Гливице қаласында бокстан әйелдер арасындағы ХІІ Силезия чемпионаты халықаралық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды prosports.kz.
Еуропадағы ірі әйелдер жарыстарының біріне Қазақстан атынан 13 спортшы қыз, соның ішінде ұлттық құраманың бетке ұстар спортшылар - екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, Олимпиада жүлдегері Дариға Шәкімова, әлем чемпиондары Дина Жоламан, Ләззат Күнгейбаева және Валентина Хальзовалар қатысқан. Олар 19 елден 100-ден астам спортшы белдескен турнирде Еуропа және басқа құрлықтардың ең мықты боксшы қыздарымен жекпе-жекке шықты.
5 күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша, Мадина Нұршаева (64 кг) алтын медаль иегері атанса, Назым Қызайбай (51 кг) финалда есе жіберіп, күміспен шектелген. Ал Фариза Шолтай, Ләззат Күнгейбаева, Мөлдір Базарбаева және Жайна Шекербековалар құрама қоржынына төрт қола медальды салған.