ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Yessenov University ұйымдастыруымен алғаш рет Ақтауда 24 мамыр – 24 маусым аралығында ХІІ жазғы ҚР жоғары оқу орындары студенттерінің Универсиадасы өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ұйымдастырушы университет президенті Б.Б.Ахметовтың айтуынша, бұрынғы универсиадалар спорт түрлері бойынша үш-төрт қаланы қамтитын болса, Aqtau-2023 универсиадасында 17 спорт түрінен 20 жарыстың бәрі Ақтауда қаласында өтеді.
"Сонымен қатар алдыңғы универсиада бағдарламасында 30-дан аса спорт түрі болса, қазір олар 17-ге дейін ықшамдалып, ең негізгі спорт түрлері ғана таңдалған. Яғни университеттердегі спортшылардың көп айналысатын спорт түрлерінің бейініне қарай, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесе отырып, Дүниежүзілік универсиаданың бағдарламасына басымдық беріліген", - делінген министрлік хабарламасында.
Жарыс түрлерін ұйымдастыру бойынша:
· Самбо, грек-рим күресі, дзюдо және еркін күрес, жеңіл атлетика түрлері "Маңғыстау-Арена" спорт сарайында өтеді.
· Баскетбол, волейбол, футзал мен бокс "Халық-Арена" спорт сарайында өтеді. Бұл орталықта теннис және бадментон сайыстарын ұйымдастыруға да мүмкіндік бар.
· "Арыстан-Арена" спорт кешенінде жүзу, ал қалған спорт түрлері Yessenov Sport Club студенттік кешенінде өтеді.
· Универсиаданың ашылу салтанаты 5 маусым күні "Мұнайшы" стадионында және жабылу салтанаты 24 маусым күні "Маңғыстау-Арена" спорт кешенінде өтеді.