Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай-газ химиясында дайын өнім шығару көлемі әлі де төмен екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олжас Бектенов 2024 жылдың қорытындысы бойынша химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 7,7%-ға ұлғайып, мұнай-газ химиясында өсім 50%-дан жоғары болғанын айтты.
"Химия өнімдерінің экспорты 2 миллиард доллардан асты, бұл 2023-жылғы деңгейден 13%-ға артық. Биылғы I тоқсанда да оң динамика сақталып отыр. Химия саласы 12,5%-ға өсті. Елімізде химия және мұнай-газ химиясы секторында 12 ірі кәсіпорны жұмыс істейді", - деді Үкімет басшысы.
Оның сөзінше, шикізатты терең өңдеу бағытында саланың әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.
"Күрделі өнім шығару көлемі әлі де төмен. Шикізат ресурстары мен мұнай бағасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда өңдеу көлемін ұлғайтып, дайын өніммен сыртқы нарықтарға шығу керек. Бұл экономиканың қуатын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды.
"Бүгінде химия өндірісіне арналған шикізаттың шамамен 45%-ы терең өңделмей, бірден экспортқа шығарылады. Еліміз жыл сайын 800 мың тоннаға жуық фосфорит шикізатын экспорттайды. Өнеркәсіп министрлігі шикізатты қайта өңдеу бойынша жоғары технологиялық жаңа жобаларға жеке инвестиция тарту үшін жағдай жасауы қажет", - деді Үкімет басшысы.
Ол мұнай-газ химиясы саласы туралы жеке заң әзірлеу бастамасын қолдайтынын жеткізді.