Бүгін ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев және "ЕвроХим-Қаратау" ЖШС бас директоры Дмитрий Валышев өзара түсіністік және серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойды.
Меморандум бойынша Жамбыл облысында алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында өнеркәсіп нысандарына автомобиль және темір жол құрылысын жүргізу жүзеге асатын болады.
Жамбыл облысының Жаңатас қаласында минералды тыңайтқыш өнідірісі мен жаңа технологияны пайдаланып фосфат өңдейтін химиялық кешен құрылысы жүріп жатыр. Дайын өнімді шығару 2019 жылдың соңына жоспарланған. Дайын өнімді сатуды қамтамыз ету мақсатында "ЕвроХим-Қаратау" компаниясы ҚР ИДМ-нің қолдауымен және Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп, МЖС жағдайында екі жобаны жүзеге асыра бастайды.
Бұл ұзақтығы 4,8 шақырым болатын "Жаңатас-Шымкент" айналма автомобиль жолы учаскесі мен қашықтығы 25 шақырым болатын Жамбыл облысы аумағындағы Жаңатас – Түркістан желісіндегі темір жол учаскесінің құрылысы.
Автомобиль жолының құрылысы биыл басталады. Темір жолдың құрылысын дайын өнім шыға бастаған уақытта, яғни, 2019 жылы аяқтау жоспарлануда.
ҚР инвестициялар және даму министрлігі жобалардың жүзеге асуына, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жан-жақты қолдау көрсететін болады.