Батыс қазақстандық кәсіпорындар жыл басынан бері құны 924,5 миллиард теңгенің өнімін өндірген, деп хабарлайды 24.kz.
Индустрияландыру картасы бағдарламасы шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 10 пайызға өсіп, 71 миллиард теңге табыс тауыпты. Олардың қатарында экспортқа бағытталған және импорт алмастырушы кәсіпорындар жетерлік. Мәселен, құны 1,6 миллиард теңге болатын макарон фабрикасы іске қосылған кезде облыстың ішкі сұранысын өтеумен қатар, дайын азықты шет мемлекеттерге шығаруға мүмкіндік туады. Ирандық инвесторлармен біріккен тағы бір жергілікті кәсіпорын болашақта химиялық реагенттер өндіруді қолға алмақ ниетте.
"Біздің мақсатымыз – Қазақстанға қажетті сұранысты толығымен қамтамасыз ету. Облыстың жылдық сұранысының көлемі 150 мың шаршы метр. Ал біз жылына 500 мың шаршы метрдей өнім өндіретін боламыз. Егер осы жоба сәтті жүзеге асса, өнімдерімізді экспортқа шығара бастаймыз", - деді өндірістік кәсіпорынның атқарушы директоры Василий Балакирев.