Бұл мүмкіндікті "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейтін постаматтар арқылы ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Постамат – мемлекеттік қызмет нәтижесін қызмет алушының өз бетінше алуына арналған автоматтандырылған құрылғы. Құжат дайын болған сәтте азаматтың ұялы телефон нөміріне жеке қолжетімділік коды көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Құжатты алу үшін биометриялық сәйкестендіруден өту қажет, содан кейін құжат сақталған ұяшық автоматты түрде ашылады. Рәсім бірнеше минут ішінде жүзеге асырылады және кезек күтуді қажет етпейді.
Қазіргі уақытта постаматтар еліміздің 10 өңірінде орнатылған. Олар арқылы мемлекеттік қызметтің 19 түрі бойынша нәтижелер беріледі. Атап айтқанда, туу туралы, некені тіркеу, некені бұзу және қайтыс болу туралы куәліктердің қайталама даналары, архивтік анықтамалар, сондай-ақ аттестаттар мен дипломдардың телнұсқалары қолжетімді.
Қызметті ХҚКО-да рәсімдеу кезінде нәтижені постамат арқылы алу тәсілін таңдап, автоматтандырылған пункт арқылы беруге келісім беру қажет. SMS-хабарлама алынғаннан кейін құжатты үш күн ішінде алып кету керек. Егер көрсетілген мерзімде алынбаса, құжат ХҚКО маманы арқылы стандартты тәртіппен беріледі.
2026 жылы постамат арқылы дайын құжаттарды беру қызметінің құны 518 теңгені құрайды.