Халыққа ыңғайлы болуы үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы түн ортасына дейін ұзартылуы мүмкін. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов әлеуметтік желіде осындай бастама көтерді, деп хабарлайды baq.kz.
"Мемлекеттік қызметті алу рәсімін оңайлатуға қатысты тағы бір ой келіп отыр. Сіздердің пікірлеріңізді білгім келеді. Жұмыстағы адамдар үшін ХҚКО-ға баруға уақыт табу қандай қиын екенін баршамыз білеміз. Ал анықтамалар мен құжаттарға деген қажеттілік үнемі туындап тұрады. Әрине бұның e-gov.kz электронды үкіметін пайдаланатындарға қатысы аз, олар қызметтің көбін онлайн алады. Алайда көпшілік үшін бұл мәселе өзекті деп ойлаймын. Дәл осындай жұмыстағы адамдар үшін астаналық ХҚКО-лардың бірінің жұмыс кестесін түн ортасына дейін ұзартуды ойлап отырмыз. Жұртшылықтың мемлекеттік қызметтерді жұмыстан кейін келіп алуына мүмкіндік беру қажет", – деп жазды ол Фейсбуктегі жеке парақшасында.
Абылайхан Оспановтың айтуынша, бұл тек "Азаматтарға арналған үкімет" көрсететін қызметтерге қатысты болмақ. Ал құжаттандыру мен тіркеу қызметтері бұрынғы тәртіппен көрсетіле береді.
"Егер қанатқақты жоба сәтті шықса, мұны басқа қалаларда да қолданамыз. Осы идеяға қалай қарайсыздар?", – дейді басқарма төрағасы.