Хоббиі кәсібіне айналды

3157

Қызылорда облысы Арал ауданында шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны артып келеді. 

Хоббиі кәсібіне айналды

Биыл "Бастау-Бизнес" және "Жас кәсіпкер" курсын тәмамдаған екі жүзге жуық тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Олардың қатарында жас кәсіпкер Айнара Наурызбаева да бар.

Жақсықылыш кентінің тұрғыны Айнара жастайынан нан өнімдерінен түрлі тәтті тағамдарды пісіруге машықтанады. Қызығушылықтан басталған хоббиі "Жас кәсіпкер" курсынан соң кәсібіне айналып жүре берді. Бүгінде оның тәттілері той-томалақтың сәніне айналды.

"Кішкентайымнан тәтті тағамдарды пісіргенді жақсы көретінмін. Отбасылық мерекелерде дастарқанды өз қолымнан шыққан тағамдармен толтырамын. Дәмін көрген ағайындар тапсырыстар бере бастады. Кәсібімді кеңейту мақсатында аудандық "Атамекен" ҰКП филиалынында оқып, 252500 теңге көлемінде қайтарымсыз грант иелендім. Үкіметтің қолдауын тиімді пайдаланып, қажетті кондитерлік құралдар сатып алдым", – дейді Айнара.

Осылайша кәсібіне дендеп кіріскен Айнараға Арал қаласынан бастап алыс-жақын ауылдардан да тапсырыс көптеп түсуде екен.

"Кім де болса адал еңбек етуге талпына білу керек. Сол үшін өз ыңғайына келер кәсіпке бейімделген жөн. Талаптансаң еш нәрседен құр қалмайсың. Келіндік қызметіме кәсібім кедергі емес. Өзгелерге кондитерлік өнімдерді пісіру оңай сияқты көрінеді. Алайда, шын мәнінде аса мұқияттылықты, сақтықты талап етеді. Түрлі өнімдерге қоспаның бәрін ретімен, мөлшерінде қосу қажет. Кішкене асып кетсе, не кем қылсаң бар еңбегің зая кетеді. Қазір тапсырыс көлемі артты. Бұрын ауылдастарымның қуанышында ғана тапсырыс алып, тәттілер пісіріп беретінмін. Қазіргі күні Аралдан бастап тапсырыстар келіп жатыр", – дейді Айнара. 

Айнараның ендігі жоспары кондитерлік өнімдер шығаратын үлкен цех ашу.

Бүгінде ауданда 4500-ден астам кәсіпкер бар. Оның 21 пайызы жас кәсіпкер.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу