ХОК Олимпиадаға іріктеу турнирлері қашан өткізілетінін анықтауға кірісті

1270

Халықаралық Олимпиада комитеті мен түрлі Ұлттық Олимпиадалық комитет басшыларының кеңейтілген телеконференциясы өтті. Тарихта алғаш рет өткізілген онлайн жиынға Томас Бах жетекшілік етті.

ХОК Олимпиадаға іріктеу турнирлері қашан өткізілетінін анықтауға кірісті

Бұған дейін ХОК басшысы мен ҰОК-тер жетекшілерінің қатысуымен ауқымды онлайн-конференция өткізілмеген. Алайда, COVID-19 індетінен сақтанып, қауіптің алдын алу үшін мұндай тәжірибе өте қажет,  деп хабарлайды Olympic.kz.  

Онлайн кездесуге Қазақстан атынан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев қатысты. Жиынның басты тақырыбы – 2020 жылғы ойын уақытының ауыстырылуына байланысты олимпиадаға іріктеу турнирлерін және олардың өту мерзімін талқылау. 

"Алдымен баршаңызға сәлем жолдаймын. 2020 жылғы Олимпиада ойындарының ауыстырылуы туралы шешімді ойынға қатысы бар барлық адамның қауіпсіздігі үшін қабылдағанымызды атап өткім келеді. Жаһанды жылдам жайлаған коронавирус індеті әлемдегі ахуалды ушықтыра түсті. COVID-19 індеті күн сайын қарқып алып келеді. Қазіргі таңда бар әлем мен әрбір мемлекетте аталған вирусты жұқтырушылар саны сағат санап өсуде. Осы жағдайға қатысты күн сайынғы ақпаратты қарау да оңай болған жоқ. Біз Олимпиада ойындарын кейінге шегеруден басқа амалдардың барлығын қарастырдық. Жапон тарабы ойын келесі жылдың жазынан кешіктірілмей өткізілсе және Токио-2020 атауы қалса ғана келісетіндерін жеткізді. Осы орайда, күшіне енген барлық келісімшарттар сақталады. Біз әрбір детальді, әрбір сәтті есепке алдық. Өйткені, бұл ғаламдық деңгейде қабылданған шешім. Осы орайда, біздің өміріміз үшін күресіп жатқан барлық дәрігерлерге алғыс айтамын", – деді Томас Бах. 

Жиын барысында бүгінге дейін Олимпиадаға жолдама алған спортшылардың лицензиясы сақталатыны бірінші кезекте айтылды. Оларға қайтадан норматив орындау қажеттілігі туындамайды. Ал Токио Олимпиадасына берілетін қалған жолдамаларды үлестіретін мерзім мен Олимпиада ойындарына іріктеу турнирінің жаңа ережелері алдағы үш аптада анықталады. 

"Бұл сұрақ бойынша арнайы топ құрылады. Аталған топ жарыс күнтізбесін түзу үшін Федерациялармен тығыз жұмыс істейді. Барлық турнирлердің өткізілу мерзімі есепке алынбақшы. Лицензия беру үдерісіндегі әрбір деталь толыққанды және сапалы түрде тексеріледі", – деді Томас Бах мырза. 

Еске сала кетейік, 24 наурыз күні Халықаралық Олимпиада комитеті мен Жапония Үкіметі бірлесе отырып, мәлімдеме жасады. Олимпиада ойындарын ауыстыру туралы келісімге Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен ХОК президенті Томас Бах келген.  Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған ақпараттарды негізге ала отырып, ХОК пен Жапония премьер-министрі Токио Олимпиадасын 2021 жылдың жазынан кешіктірмей өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл спортшылар мен Олимпиадаға қатысты бар барлық адамның денсаулығын сақтау үшін жасалған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу