Астананың "Барысы" Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Уфада жергілікті "Салават Юлаев" командасымен өткізіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бірінші кезеңде 9-минутта Линден Вейдің пасынан кейін Найджел Доус есеп ашты. Бір минуттан кейін Максим Семеновтан шайба қабылдаған Владимир Маркелов есепті 2:0-ге жеткізді. Дегенмен екінші кезеңде айдын иелерінен Йоонас Кемппайнен мен Артем Федоров таразы басын теңестірді. Ал үшінші, шешуші кезеңде Тему Хартикайнен "Салават Юлаевты" алға шығарды. Дегенмен соңғы минутта елордалықтар нағыз ерлік жасады. Алдымен Найджел Доус есепті теңестірсе, содан кейін Мартен Сен-Пьер мергендік танытты. Уфалықтар қақпашысын айдындағы ойыншыға ауыстырды. Сол сәтте Н.Доус бос қалған қақпаны дәл көздеп, хет-триктің авторы атанды.
Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, осы турдан кейін 13 ұпай жинаған Евгений Корешковтың шәкірттері Шығыс конференциясында көш бастады. Ал ҚХЛ-дың жалпы кестесінде Санкт-Петербордың СКА командасынан кейін екінші орында келеді. "Барыс" келесі кездесуін 8 қыркүйек күні Ригада "Динамо" командасымен өткізеді.